Микроқаржы ұйымдары ауыл кәсіпкерлерін қалай несиелендіріп жатыр?

14 Қыркүйек 2021, 18:33
1488
Бөлісу:
Микроқаржы ұйымдары ауыл кәсіпкерлерін қалай несиелендіріп жатыр?
EX

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет тарапынан биыл ауыл кәсіпкерлерін несиелендіруге 22 млрд теңге бөлінді. Осы қаржымен 5 мыңнан астам жобаны қамтимыз. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП-ы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов тілдесу барысында айтты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында шағын бизнесті, әсіресе ауылдық жерлерде несиелендіруді жүргізу бойынша микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін кеңейтуді тапсырған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай іске асып жатқанын Н.Әбілшайықов кеңінен айтып берді.

Оның айтуынша, микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін арттыру бағытында «Атамекен» ҰКП-ы тарапынан 15 микроқаржылық ұйымы ашылыпты. Олар 14 облыс пен Шымкент қаласын қамтиды.

Бұл микроқаржылық ұйымдар ауылды жерлерде және шағын қалада тұратын азаматтарға 6%-нен 7 жылға дейін несие береді. Үкімет тарапынан биыл бұл бағытқа 22 млрд теңге бөлінді. Осы қаржымен 5 мыңнан астам жобаны қамтимыз. Бұл қаражатты келесі жылдың наурыз айына дейін игеруіміз керек, егер ол дұрыс иегірлсе Үкіметтен тағы 50 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр,-дейді ол.

15 микроқаржылық ұйым осы жылдың сәуір айынан бастап өз лицензияларын алған. Қазір несие алу бойынша құжаттар қабылданып жатыр екен.

Бұл микроқаржылық ұйымдардан «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқыған адамдар несие ала алады. Яғни, несие жеке мүлік алуға және тағы басқа мәселелер қарастырылмайды. Тек, сол «Бизнес бастау» аясында ашқан өз кәсібін жүргізуге беріледі. Басты талап осы курстан өту керек, оның сертификаты қолда болу қажет. Одан басқа бизнес жоспар бойынша ауылдық мекендерде бір адамға 12 млн теңге, моноқалалдарда 18 млн теңге, облыс орталықтарында 23 млн теңгеге дейін 6%-бен несие беріледі. Қандай салаға беріледі дегенге келсек, бұл жерде ешқандай шектеу жоқ. Бүкіл сала бойынша беріледі. Ауыл шаруашылығында негізінен 60 пайыздан астамында мал, өсімдік өсіру бойынша болады. Қалған 40 пайызы қызмет көрсету саласы бойынша, яғни шаштараз, кондитерлік өнім шығару, монша ашу деген сияқты,-дейді Әбілшайықов.

Несие алушыға қойылатын талап – «Бизнес бастау» курсын тамамдау және кепілзат болу керек екен. Кепілзат алатын несиесінің көлеміне қарай бағаланады. Сондай-ақ несиелік тарихы да тексеріледі, егер онда қандайда бір кінарат болса несие берілмеуі мүмкін.

Осы сәтке дейін 13 млрд теңге болатын 1,5 мың жоба қабылданды. Олар алдағы 1-2 аптада несиелерін қолдарына ала бастайды. Несие алу бойынша Түркістан, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарынан көп өтініш түсіп жатыр,-дейді «Атамекен» өкілі.

«Атамекен» ҰКП-ы тарапынан «Бастау бизнес» жобасы бес жылдың көлемінде іске асып келе жатыр. Осы бес жыл ішінде республикалық деңгейде 150 мыңнан астам адам осы жоба бойынша кәсіпкерліктің қыр-сыры бойынша білім алған. Олардың 46 мыңы өз кәсібін ашып үлгеріпті.

Аталған жоба еліміздің әрбір облысында, 180 аудан, 35 моноқалада іске асып келе жатыр. Оқырмандарымыз бірайлық курсты тамамдап, өз бизнес жоспарын құрастырып, кәсіптерін ашып жатыр. Мемлекеттен беріліп жатқан 22 млрд теңге осы «Бастау бизнес» жобасын тамамдаған біздің оқырмандарға несие ретінде беріледі,-дейді Нариман Әбілшайықов.

Дегенмен «Бастау бизнес» жобасын оқығысы келетін адамдарға да талап қойылады екен. Ең бастысы олар көпбалалы отбасы, аз қамтылған отбасы, жастар категориясы және еңбекке жарамды мүгедектігі бар адамдар болу керек. Олар оқып шыққан соң жобаларын «Атамекен» ҰКП-ы ішінде екі жылдай сүйемелдеп отырады екен.

2017-2020 жылғы «Бастау бизнес» жобасын тамамдаған оқырмандар қазір мемлекетке 1,5 млрд теңгеден астам салық төледі. Солардың арқасында 60 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Сондықтан бұл бағдарламаның елдің экономикасына, жұмыспен қамту мәселесіне септігін тигізетін маңызды бағдарламаның бірі болып саналады,-дейді Әбілшайықов.

Өзгелердің жаңалығы