Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Наурызбай қажы Тағанұлы бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен Рамазан айына қатысты мәліметтер бойынша баспасөз конференциясы барысында айтты.
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, елдегі төтенше жағдайға байланысты мешіттердің есігі жабылғанымен, онлайн насихат тыңдауға болатынына тоқталды.Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мешіттерде жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойдық. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Алайда, жамағат намазы үшін мешіттердің есігі жабылғанымен, сауап пен ізгілік есіктері ешқашан жабылмайды. Онлайн режимде насихат тыңдап, үйден шықпай, сауапты амалдарға ортақтасуға болады,-деді бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, ҚМДБ биыл қасиетті Рамазан айында бірнеше жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.
ҚМДБ muftyat.kz сайтына "Рамазан энциклопедиясы" атты қосымша парақша қосылды. Бұл парақшадан Рамазан жөнінде толық ақпарат алуға болады. Еліміздегі облыс орталықтары мен аудан, қалалардың, кенттердің Рамазан кестесі қазақ және орыс тілдерінде muftyat.kz сайтына орналастырылды. "Хикмет.тв" студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың "30 күнге 30 уағыз" атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. Дәл осы студия арқылы Рамазан айында күн сайын "Әзірет Сұлтан" мешітінің қабырғасында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылып, қасиетті Қадір түнінде "Құран хәкім" дұғасы жасалады,-деді ол.Сонымен қатар, Инстаграмдағы muslim.kz парақшасы арқылы имамдармен бір толқында дұға жасау мүмкіндігі де қарастырылған.
Ниет еткен жамағаттың игілігі үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап күнде әр 15 минут сайын респубикалық "Әзірет Сұлтан" мешітінің қабырғасында "Батамен ел көгерер" атты онлайн режимде дұға жасап, батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылатын болады,-деді бас мүфти.
Айта кетейік, биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Мамыр айының 19-нан 20-сына қараған түн – мың айдан қайырлы қасиетті Қадір түні. Ораза айт намазы 24 мамырда оқылады.