Бас жаңалықтар
Мәжіліс «Байқоңырдан» зымырандарды ұшыруға қатысты заңды Сенатқа жолдады
12 Мамыр 2021, 11:16 1403

Мәжіліс «Байқоңырдан» зымырандарды ұшыруға қатысты заңды Сенатқа жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңның жобасын Сенатқа жолдады.

Мәжiлiстің жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин аталған заңның жобасын таныстырды.

ҚР Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге 2019 жылғы 20 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды.

Осы келісім бүкіл әлемді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған 1Web халықаралық жобасын жүзеге асыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру кезінде Қостанай облысының аумағында «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін блок бөліктерінің құлау ауданын Ресей тарапымен пайдалану тәртібін реттейді, - деді министр.

Мусин атап өткендей, құлау ауданы жылына небәрі бірнеше рет сервитут шартымен қолданылады. 3-6 тәулікті құрайтын кезеңде адамдар мен үй малының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құлау ауданында кіру жабық болады.

Қалған уақытта құлау ауданында жүруге және оны жайылым ретінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Адамдардың құлау ауданынан тысқары жерде тұруы қауіпсіз болады. Сонымен бірге тасымалдағыш зымыранды әр ұшырған сайын жақын маңдағы елді мекендердің тіршілік ортасына гигиеналық баға беру жұмыстары жүргізіліп отырады, - деп министр түсіндірді.

Оның сөзінше, қоршаған орта нысандарының сынамалары алынып, тұрғындардың денсаулық жағдайына скрининг жүргізіледі. Сондай-ақ құлау ауданын пайдалану кезінде жануарлар мен өсімдіктер әлеміне жыл сайын мониторинг жүргізу көзделіп отыр.

Табиғатты қорғау ұйымдарының киіктердің төлдеу және құстардың ұя салу кезеңдерінде құлау ауданын пайдалануын шектеу туралы талаптары орындалады. Яғни сәуір мен маусым айлары аралығында тасымалдағыш зымырандар ұшырылмайды. Келісім ратификациялау Байқоңыр кешені бойынша қазақстандық-ресейлік ынтымақтастықты кеңейтуге, кешеннің барлық тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізіп, «Байқоңыр» ғарыш айлағы жүктемесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Союз-2» тасымалдағыш зымыраны экологиялық қауіпсіз керосин оттегі отынымен жұмыс жасайды, - деп министр атап өтті.

Келісімшартқа сәйкес тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерін қабылдау аудандарындағы экологиялық жағдайға мониторинг жүргізуге қазақстандық мамандар мен ұйымдар қатысып, бақылайды. Ресей тарапымен осы келісімнің күшіне енуі туралы ішкі мемлекеттік рәсімдері орындалды.

Бұған дейін Нығматулин Мусин басқаратын министрлікті сынап, интернетпен қамтуға байланысты уәделерін орындауды талап етті.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...