Бас жаңалықтар
Бүгін
Мақтаралда қаңтардың қақ ортасында диқаншылық басталды
20 Қаңтар 2019, 10:22 1116

Мақтаралда қаңтардың қақ ортасында диқаншылық басталды

Астана, BAQ.KZ. Түркістан облысы Мақтарал ауданының еңбекқор шаруалары қаңтардың қақ ортасында диқаншылықты бастап кетті. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде 10-нан астам бригадалар қатысып, қызу жұмыс жүруде.

Қаңтардың жауын-шашынына қарамастан, егістік алқапта жұмыс жасап жатқан диқандардың жай-күйінен хабар алу үшін аудан әкімі Бақыт Асанов «Мақтарал» ауылдық округіндегі «Ферудин» шаруа қожалығына барды. Мирзаддин Алиевтің басшылығындағы қожалықтың еншісінде 10 гектар жер бар болса, соның 5 гектарына қырыққабат дақылы егіліп жатыр. 30 адамнан құралған бригада қаңтардың әрбір жылы күнін пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс жасап жатыр.

«Жылыжайда 120 мың түп қырықабаттың көшетін дайындап, 30 адамнан құралған бригадамен көшет отырғызуды бастадық. Жұмысшыларға күніне 2 мың теңгеден еңбек ақысын төлеудеміз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп, жетіледі.Сондай-ақ, 90 күнде жетілетін сортын да ектік. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы, күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», - деді Алиев.

Диқаншы өткен желтоқсан айында алғашқы егінін бастап қойғанын атап өтіп, өңір басшысын таңдандырды.

Мақтаралдық диқандар негізінен салмағы 1-1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың нидерландиялық пандион сұрпын отырғызуда. Ерте пісетін өнім түріне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс көп. 

Жалпы, қырыққабат дақылы ерте пісетіндіктен, мақтаралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты т.б. дақылдар егуге кіріседі. Осылайша шаруалар 1 жылда екі рет өнім алады. Былтыр сәуір айында алғашқы өнімін алған мақтаралдық диқандар республиканың бірнеше облысын және Ресей Федерациясын қырыққабатпен қамтамасыз еткен болатын. 

Айта кетейік, Мақтарал ауданында былтыр 30 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері қамбаға жиналған. Ал, оның басым бөлігі қырыққабат болатын.

Сізден жаңалық