Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Республикасының Премьер-мминистрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізді.
Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, энергетикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастықтың, өнеркәсіптік кооперацияның, сондай-ақ аймақаралық және шекара маңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының (ХСЭЫО) қызметін ұйымдастыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды жеделдетуге ерекше назар аударылды, - делінген хабарламада.
Трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау саласындағы өзара іс-қимылды, оның ішінде Қырғызстан мен Тәжікстан жіберетін суды Өзбекстан аумағы арқылы Түркістан және Қызылорда облыстарының мұқтаждықтары үшін кедергісіз транзиттеуді дамыту мәселелері қаралды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы табысты өнеркәсіптік кооперацияның бір мысалы бірлескен жобалар – Қостанай қаласындағы «Chevrolet» маркалы автомобильдер өндірісі, Түркістан қаласындағы тігін фабрикасы, Шымкент қаласындағы тоқыма фабрикасы және т. б. болып табылады.
Қазір медициналық бұйымдар (Шымкент қ.), автоклавты газобетон (Ташкент облысы), «SAZ» маркалы автобустар (Қостанай қ.), «HOWO» жүк автомобильдері (Саран қ.), «Hyundai» маркалы автомобильдерді құрастыру (Үргеніш қ.), ас үй плиталары мен су жылытқыштар (Түркістан қ.) өндірісі сияқты бірлескен жобалар іске асырылуда.
Екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейту аясында 8 маусымнан бастап «Өзбек әуе желісі» Алматы мен Самарқанд қалалары арасында жолаушылар әуе тасымалын бастайды, ал биылғы 21 маусымда «Fly Arystan» қазақстандық компаниясы «Түркістан – Ташкент» бағыты бойынша тұрақты рейстер ашады.
Өзбекстан — Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда серіктесі — ӨР үлесі ҚР-ның Орталық Азия елдерімен сыртқы саудасының 65%-ға жуығын құрайды. 2021 жылғы қаңтар-сәуірде екіжақты тауар айналымы $1,2 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 41,3%-ға және 2019 жылдың алғашқы төрт айының көрсеткішінен 33,3%-ға жоғары.
2020 жылы Өзбекстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар саны 809-дан 919 компанияға дейін өсті. Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен кәсіпорындар саны 1231-ге жетті.
Келіссөз қорытындысы бойынша А. Мамин мен А. Арипов сауда-экономикалық қатынастарды дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен тауар өткізу жүйесін қалыптастырудағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімдерге қол қойды.