Бейсембаев: Дәретхананың ішіне дейін камера қойып жатқанын естіп жатырмын

6 Қараша 2024, 14:21
9235
Бөлісу:
Бейсембаев: Дәретхананың ішіне дейін камера қойып жатқанын естіп жатырмын
Фото: pixabay.com

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп дәретханаларына қойылатын камералар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір жаңадан салынып жатқан мектептердегі жағдай бөлек. Онда дәретханалар барлық адамның көз алдында болуы керек, - деді министр.

Оның айтуынша, бұрынғы білім мекемелеріндегі дәретханалар көбіне түкпір жерлерде орналасатын. Қазіргі жаңа мектептерде әжетханалар адам көп жүретін жерлерге қарай ығысып жатыр.

Сондықтан да бұл жерде әртүрлі ұстаным болуы тиіс. Ең бастысы бұл жерде камера емес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен ғана туындауы керек. Бірақ бірден айта кетейін, біз әрі қарай оны бүлдіріп алмауымыз керек. Дәретхананың ішіне дейін камера қойып жатқанын естіп жатырмын. Олай болмайды. Бұл тиісті құқықты бұзатыны белгілі. Тек қана бақылау, бағдарлау ісімен ғана айналысу жеткілікті деп есептемеймін. Камерадан бөлек балалардың тәрбиесіне, мейірімділікке, бауырмалдыққа баулуды күшейтуіміз керек», - деді Ғани Бейсембаев Мәжіліс кулуарында.

Еске салсақ, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде кездейсоқ мұғалімдер бар екенін айтып, олардың санын азайту үшін барлық білім мекемесі жұмыс істеуі керегін айтқан еді. Сонымен қатар министр мектеп мұғалімдеріне сынып жетекшілігі үшін берілетін қосымша ақының көбеюіне қатысты ойын және уақыт белдеуінің өзгеруі балалардың сабағына қалай әсер етіп жатқаны туралы да айтқан еді.

Өзгелердің жаңалығы