Маңғыстау өңірінде төрт түлік саны өскен

29 Мамыр 2019, 14:34
3127
Бөлісу:
Маңғыстау өңірінде төрт түлік саны өскен
Фото: автордан

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Шалғай аймақтағы мал басы бүгінде 9% артып отыр. Бұл туралы Ақтауда облыстың агроөнеркәсіп саласының дамуы талқыланған жиында айтылды. Басқосуға өлке басшысы Ералы Тоғжанов төрағалық етті.

Маңғыстау өңірінде төрт түлік саны өскен

«Ауыл шаруашылық секторын дамыту – ел үкіметінің алдымызға қойған негізгі тапсырмаларының бірі. Кезінде бабаларымыздың ата кәсібі болған егін және мал шаруашылығын жақсылап қолға алсақ, киелі Маңғыстау жерінде де мүмкіндік мол. Сондықтан бұл саланы дамыту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі тиіс», - деді жиынды ашқан Ералы Лұқпанұлы.

«Өткен жылдан бері біздің өңірдегі 61 елді мекенді түгел аралап, арнайы барудағы басты мақсатым – ауылдағы ағайынмен жүздесу. Олардың мәселесін өз аузынан есту және оларды жылдам әрі тиянақты шешу жолдарын қарастыруды ойладық. Соңғы екі жылдықта берілген тапсырмаларға сәйкес елді мекендерде 572 шақырым су, 786 шақырым газ, және 595,8 километр электр желісін тарту жұмыстары аяқталды. Сонымен бірге, 71 шақырымды құрайтын ауылішілік көлік жолдары салынып, халықтың пайдалануына берілді», - деді Маңғыстау облысының әкімі.

Биыл жалпы ұзындығы 418 шақырым болатын су желілерін тарту бойынша өңірде жиырма жобаның құрылысы жүріп жатыр. Олар жыл соңына дейін аяқталған ауылдарды ауыз сумен қамту көрсеткіші 75%-ға жетпек.

Жиында көпшіліктің назарын аударғаны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлдың төрт түлік басының өскені туралы айтқан мәліметі болды.

Маңғыстау өңірінде төрт түлік саны өскен

Оның айтуынша, мал басының саны 803 мыңға, ал құс саны 46 мыңға жетіп өткен жылға қарағанда 9,3% артқан.

«Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 2081 шаруа және фермер қожалықтары мен 59 000 үй шаруашылықтары тіркелген. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы былтыр 233 ауыл шаруашылығы иесіне 952 млн 500 мың теңге мөлшерінде, аграрлық несие корпорациясы арқылы 117 ауыл шаруашылығы жетекшісіне 1 млрд 45 млн теңге, сондай-ақ аймақтық «Нұр-Капитал» жобасы аясында төрт кәсіпкерге бір пайызбен 76 млн теңге мөлшерінде микронесиелер берілді. Бұдан басқа, МаңғыстауАгроСервис серіктестігі арқылы 32 азамат 114,3 млн теңгеге лизинг, яғни тауарлық несиелерін алды» - дейді Серік Қалдығұл.

Шөлейтті өңір болғандықтан, Маңғыстауда егін шаруашылығын дамытудың тиімді шешімі – жылыжай санын арттыру.

«Былтыр өңір аумағындағы барлық жылыжай көлемі 24 гектерды құраса, биыл жыл басында 27,4 гектарға жетіп отыр. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш үш есеге өсуі тиіс. Бүгінгі таңда облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 29 кәсіпорын жұмыс істеп тұр», - деді аймақтағы ауыл шаруашлығы басқармасының басшысы.

Кездесу оңында Ералы Тоғжанов аудан-қала әкімдеріне облыстық статистика мекемесімен бірлесе ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтары мен кәсіпорындардың нақты санын анықтауды тапсырды. Сондай-ақ, осы мақсатта пайдалануға берілген жер телімдерінің талапқа сай болуын қадағалауды міндеттеді.

Сонымен қатар, аймақ кәсіпкерлерін өңірдегі агроөнеркәсіпті кешенді түрде дамыту үшін сала мамандарымен бірге әрекет етіп, ұсыныс-жобаларды әзірлеуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы