Назарбаевтың жаңа статусы жай ғана сыйлық үшін берілген жоқ – Лукашенко

29 Мамыр 2019, 14:21
2285
Бөлісу:
Назарбаевтың жаңа статусы жай ғана сыйлық үшін берілген жоқ – Лукашенко
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Беларусь президенті Александр Лукашенко Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты жаңа атағымен құттықтады.

Құрылғанына бес жыл толған ұйымның мерейтойлық отырысында Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің ұсынысымен,  ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы атағы берілген болатын. 

«Кеңестің жеке отырысында Нұрсұлтан Назарбаев ревизиялық жұмыспен айналыссын деп ұсыныс жасадым. Одақта біздің атқарған және істемеген жұмыстарға бақылау жасауы керек. Өзгелер күні кеше президент болған адамға құрметті төраға атағы жай ғана сыйлық ретінде берілді деп ойламауы керек. Біз ол кісінің мүмкіндігін әлі пайдаланатын боламыз», - деді Лукашенко. 

Ол сонымен қатар Еуразиялық экономикалық кеңестің әлемдік аренада беделі бар екенін айтып өтті.

«Біздің одақпен ешкім әріптестік орнатқысы келмейді деген сарында мақалалар жиі жазылады. Ондай әңгіме айтып жүргендер – жай ғана қызғана қарайтындар. Бәлкім, кей тұста бәсекелестен қорқатындар бар шығар. Бірақ бізді көзге ілмеу енді мүмкін емес», - дейді Беларусь президенті. 

Айта кетейік, бүгін бес жыл толған аталған ұйымның мерейтойлық отырысына Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян қатысып жатыр. Сондай-ақ Молдова Республикасының президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Бүгін елордада өтіп жатқан Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы ұйымның құрметті төрағасы атанғаны туралы осыған дейін хабарлағанбыз.


Өзгелердің жаңалығы