Кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, зорлау фактілері азайды – Тұрғымбаев
08 Қараша 2021, 10:29 752

Кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, зорлау фактілері азайды – Тұрғымбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістегі «Үкімет сағатында» Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев елдегі криминогендік жағдай туралы баяндап берді.

Қылмыстық ахуал тұрақты. Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, ұрлық, бұзақылық, зорлау фактілері азайды. Көшелерде және қоғамдық орындарда жасалатын бұрын сотталғандармен, кәмелетке толмағандармен, мас күйінде, сондай-ақ қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстар төмендеді. Қылмыстың ашылуы жақсарды, - деді министр.

Айтуынша, қылмыстар үш жыл бойы тұрақты ашылып келеді.

Әлемдік пандемия полиция жұмысына өзгерістер енгізді. Пандемия кезінде полиция қызметкерлері дәрігерлермен бірге күндіз-түні уақытпен санаспай жұмыс істеді. Күніне 12 мың қызметкер жұмысқа шықты. Карантин жарияланғанда 50 мың қызметкерге дейін жұмыс істеді. Олар қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, 445 блок-бекетті күзетті, ауру тараған аймақтарды, мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтарында жұмысты бақылады. Полицейлер тікелей міндеттен бөлек, осындай қосымша жұмыспен де айналысты, - деп түсіндірді Ерлан Тұрғымбаев Мәжілісте.

ІІМ басшысының ақпаратына сәйкес пандемиядан 34 қызметкер қайтыс болды, 19 612 қызметкер аурудан жазылып шықты. Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің 98%-ы вакцина алды.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...