Бас жаңалықтар
Қазақстан халқы тілдері күнін ІІМ қалай атап өтеді?
Сұхбат
06 Қыркүйек 2021, 12:13 573

Қазақстан халқы тілдері күнін ІІМ қалай атап өтеді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 5 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтіледі. Мерекеге орай, ҚР ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің бас сарапшысы Динара Сағиевамен ІІО-дағы мемлекеттік тіл мәртебесі жайында сұхбаттастық.

  • Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында ІІМ-де және оның аумақты бөліністерінде қандай шаралар ұйымдастырылады?

- Әрине, ұлт ұстазы А. Байтұрсыновтың туған күніне орай Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі болып белгіленген айтулы күн ескерусіз қалмауы тиіс. Жыл сайын аталған мереке ішкі істер органдарында айтарлықтай аталып өтіледі.

Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай, барлық Полиция департаментінде мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту бойынша іс-шаралар ұдайы ұйымдастырылады. Соңғы кезде елдегі карантин шараларына байланысты көптеген іс-шара онлайн түрде өтеді.

Осы бағыттағы жұмыстар барлық облыстық Полиция департаментінде мемлекеттік тілде іс жүргізуі, қызметі үлгі боларлық ішкі істер органдарының қазақ тілін жетік білетін қызметкерлері, оның ішінде өзге ұлт өкілдері туралы мақалалардың, қазақ және орыс тілді БАҚ-тарда көп жазба шығуына ықпал етті.

Мысалы, былтыр Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Қостанай облысының Полиция департаменттері асқан белсенділік танытып, түрлі іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, «Жаны мен жүрегі қазақ», «Тілі басқа, тілегі бір» тағы сол сияқты өлең оқудан челлендж, құттықтаулар ұйымдастырып, облыстық радио, телеарналарда және әлеуметтік желілерде сұхбат, сурет көрмесін жасап, полицияның әр қызметіндегі мемлекеттік тілдің қолданылуы туралы бейнероликтер шығарды.

Сол сияқты Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау облысы, Түркістан облысы Полиция департаменттерінде өзге ұлт өкілдерінің онлайн челленджі, мәнерлеп оқу және БАҚ-та сұхбат беруі ұйымдастырылды.

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті қызметкерлері Қазақстан халқының тіл мерекесіне орай ұйымдастырылған облыстық «Үздік аудармашы», «Жақсы сөз – жанның тынысы» сақшылар байқауларының жеңімпазы атанса, Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменттері республикалық, облыстық баспаларда және әлеуметтік желілерде осы бағытта мақалалар жариялады. Қызылорда облысының Полиция департаментінде «Тіл – адам жанының тілмашы» тақырыптық апталық, Маңғыстау облысының Полиция департаментінде «Кестелі тіл» атты тіл білуге байқау өткізілді. Көріп отырғандарыңыздай, Қазақстан халқының тілдері күні ішкі істер органдарында ауқымды түрде аталып өтеді.

Дәл осындай шаралар биылғы жылы да ұйымдастырылады.

  • ІІО-да өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеру деңгейі қалай? Тілді біліп, үйренуге ынтасы қалай?

- Қазақстан Республикасы Конституциясының 93-бабына сәйкес ішкі істер органдары қызметкерлерінің мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың барлығы жасалған.

Мемлекеттік тілді оқыту ҚР Ішкі істер министрлігінің «Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді оқытуды ұйымдастыру туралы ережені бекіту туралы» 2016 жылғы 8 тамыздағы № 840 бұйрығы бойынша жалғастырылып, ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде әзірленген бағдарлама бойынша жүргізіледі.

Ішкі істер органдарында қазақ тілін еркін меңгерген, қызметінде пайдаланатын, үйреніп жүрген қызметкерлер жетерлік. Олар ішкі істер органдары арасында ұйымдастырылатын іс-шаралардың барлығына белсенді түрде қатысып, тіл меңгеру шеберліктерін шыңдаудан жалықпайды. Осы Қазақстан халқының тілдері күніне былтырғы Абай өлеңдерін оқу челленджіне тағы басқа шаралардың барлығына атсалысып отырады. Полиция департаменттерінің онлайн құттықтауларында өзге ұлт өкілдері мерекеге тарту еткен жыр шашулар әлеуметтік желіде жарияланып тұрады. Жұртшылық жақсы қабылдап, оң пікірлер қалдырады.

Барлығын емес, бір ғана мысал айтайын. Былтыр 30 қыркүйектен 14 қазанға дейінгі аралықта Мәдениет және спорт министрлігі республикалық «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты байқау ұйымдастырды. Осы байқауға еліміздің 17 өңірінде іріктеуден өткен, қазақ тілін жетік меңгерген, мемлекеттік қызметтегі 30-дан астам этнос өкілі қатысты. Екі кезеңнен тұрған байқауда Қостанай облысының Полиция департаментінің полиция аға лейтенанты Кира Гартман топ жарып, жүлделі 2-орынды иеленді. Ішкі істер органдарында жауапкершілігі мол, күрделі жұмыста жүріп, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігінің арқасында осындай шараларда жеңіске жетуінің өзі мемлекеттік тілді біліп, үйренуге деген ынтаны көрсетпей ме?!

Сонымен қатар өткен жылдары Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында ішкі істер органдарының мемлекеттік тілді жетік білетін өзге ұлт қызметкерлері арасында «Татулық – достық тірегі» атты республикалық іс-шара өткізілді. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт қызметкерлеріне қолдау көрсету, олардың іс-тәжірибесін тіл үйренуде қолдану, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, оны оқып үйренуге деген ықылас пен қызығушылықты арттыру, ұлттар арасында татулық пен ынтымақтастықты нығайту еді. Дөңгелек үстелге әр өңірден 20 қызметкер қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оны қызметте қолданудың қажеттілігі туралы өз ойларын ортаға салып, Ішкі істер минситрлігінің орталық аппаратының жеке құрамымен кездесу кезінде қазақ тілінде өлең оқып, ән шырқап, тілге деген ерекше құрметтерін білдірумен басқа қызметкерлерге үлгі көрсетеді.

  • ІІМ-де іс-қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізуге толығымен көшті ме?

- ІІМ-нің 2007 жылғы 16 қаңтардағы №15 бұйрығымен Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарында іс жүргізу мемлекеттік тілге көшірілген.

Министрліктің басшылығы тарапынан мемлекеттік тілде іс жүргізудің сапасын арттыру бойынша тиісті іс-шаралар қабылданады. Ішкі және сыртқы құжат айналымы тіл туралы заңнамаға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Республика бойынша ішкі істер органдарының мемлекеттік тілдегі іс-қағаздарының көрсеткіші 93%, ал орталық аппараттың мемлекеттік тілдегі құжаттарының үлесі 92% құрап отыр.

  • «Парасатты полицей» байқауына тоқталып өтсеңіз. Биыл бұл байқауды қандай форматта өткізесіздер?

- ІІМ ішкі істер органдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және насихаттауға бағытталған іс-шаралардың өткізілуіне ерекше мән береді. Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу қарсаңында «Парасатты полицей» республикалық байқауын жыл сайын өткізу дәстүрге айналған.

Байқау мақсаты – ішкі істер органдары қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру және мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау және мәртебесін көтеру, тәртіп сақшыларының Отанға деген сүйіспеншілігін, мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, полиция қызметкерлерінің қоғамдағы оң имиджін қалыптастыру, тәртіп сақшыларының бойында Отанына, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ояту, тілдік ортаны қалыптастыру және тіл мәдениетіне тәрбиелеу. Байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың, Көліктегі полиция департаменттері қызметкерлерінен құрылған командалар қатысады. Әрбір команда 5 адамнан тұрады, оның құрамында міндетті түрде 1-2 адам мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілі болуы шарт. Командалар жүлделі орындармен қатар «Өнерлі команда», «Ұйымшыл команда», «Көрермен көзайымы», «Көркемсөз шебері», «Тілі басқа, тілегі бір», «Актерлік шеберлігі үшін номинациялары бойынша да марапатталады. «Парасатты полицей» байқауы ішкі істер органдары қызметкерлері арасында кеңінен танымал, оған қатысу – әр қызметкер үшін мәртебе. Жыл көлемінде оны асыға күтіп, іріктеуден өту үшін ерекше дайындалады. Жыл сайын әр облыста өткізілетін бұл шараның тек байқау ретінде ғана емес, қызметкерлердің бір-бірінің жұмысымен танысып, өзара тәжірибе алмасуына тигізер пайдасы мол.

Үзбей қатарынан 10 жылдан астам уақыт өткізіліп келе жатқан байқауға пандемия да тосқауыл болмайды дегім келеді. Биылғы жылы «Парасатты полицей» республикалық байқауы онлайн форматта өткізілді.

Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің, «Егемен Қазақстан» газетінің, Ішкі істер органдары ардагерлері қоғамының өкілдері қазылар алқасының құрамында болды. 3 қыркүйекте өткізілген байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды.

Қорытындысы бойынша мынадай шешім қабылданды:

Бас жүлде – Нұр-Сұлтан қаласының ПД

1 орын – Батыс Қазақстан облысының ПД

2 орын – Алматы облысының ПД

2 орын – Қостанай облысының ПД

3 орын – Ақмола облысының ПД

3 орын – Көліктегі ПД

3 орын – Түркістан облысының ПД

Жүлделі орындардан бөлек 4 номинацияны:

- «Көрермен көзайымы» - Қарағанды облысының ПД

- «Тілі басқа тілегі бір» - Плындин Илья Александрович (Шығыс Қазақстан облысы)

- «Өнерлі команда» - Ақтөбе облысының ПД

- «Көркемсөз шебері» - Солтүстік Қазақстан облысының ПД-ы иеленді.


Фото: дереккөз
Загрузка...