Кавасаки қандай дерт?

8 Қыркүйек 2020, 11:55
4001
Бөлісу:
Кавасаки қандай дерт?
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жыл елімізді ғана емес, тұтас жаһан жұртын алаңдатып қойды. Алаңмен басталған жыл аяқталуға жақын қалса да, үрей жіберер емес. COVID-19-дың алғашқы толқыны сейілсе де, мамандар күз ортасы вирустың екінші толқыны жайылады деп дабыл қағуда. Коронавирус өз алдына, елді алаңдатқан тағы бір дерт – Кавасаки синдромы. Ол қандай ауру? Түп-төркіні қайдан шыққан? Бұрын неге байқалмады? Дәрігерлер қандай кеңес береді?

Кавасаки: тегі қайдан? 

Уикипедия мәліметіне сүйенсек, Кавасаки ағылшын тілінен аударғанда «Kawasaki disease» немесе «шырышты лимфа түйіні синдромы» деген мағынаны береді екен. Кавасаки синдромы 1967 жылы осы сирек кездесетін ауру белгілерін тапқан жапон дәрігері Томисаку Кавасакидің есімімен аталған. Алайда, аурудың шығу тегі, жұғу жолдары әлі күнге белгісіз. Кейбір ғалымдар мұны жұқпалы дерт десе, кейбірі анықталмаған токсинге деген иммунитеттің жауабы деген тоқтамға келген. Кавасаки синдромы коронавирустық пандемияға дейін де болған. Тек өте сирек кездеседі, вирустық инфекциядан кейін, генетикалық бейімділікпен дамиды. Бірақ, мамандардың айтуынша, соңғы уақытта тараған коронавирус жұқтырған балалардағы дерт таза Кавасаки ауруы емес, бұл Кавасаки тәрізді синдром (немесе Сovid-19 әсеріне байланысты туындаған мультижүйелі қабыну синдромы (MҚС). Мұндай ауыр инфекциядан кейінгі асқыну балаларда COVID-19 вирусының жеңіл немесе асимптоматикалық түрімен ауырған соң 2-3 аптадан кейін дамуы мүмкін. 

Балаларда кездесетін аталмыш синдром биыл алғаш рет Ұлыбританияда, АҚШ-та және Италияда тіркелді. 

Италиялық дәрігерлер балалардағы жаңа қабыну синдромының жағдайын зерттеп, оның SARS-CoV-2 вирусымен байланысы барын анықтады. Ғалымдар ақпан-сәуір айлары аралығында Италияның Бергамо аймағындағы аурухананың педиатрия бөлімінде коронавирустық пандемиядан басқаларға қарағанда көптеп зардап шеккен он балада сирек кездесетін Кавасаки ауруына ұқсас жедел қабыну синдромын анықтады. Зерттеу нәтижелері 13 мамырда ең беделді медициналық журналдардың бірі «The Lancet» басылымында жарияланды. Зерттеу авторлары жаңа жұмбақ аурумен ауруханаға жатқызылған балалардың саны әдеттегіден шамамен 30 есе көп екенін мәлімдеген. Осыған сүйене отырып, ғалымдар COVID-19 эпидемиясы «Кавасаки ауруының ауыр түрінің» жылдам таралуына себеп болуы мүмкін», деген қорытындыға келген және SARS-CoV-2 пандемиясы бар елдерде бұл аурудың пайда болу мүмкіндігі туралы ескерту жасады. 

Кавасаки: белгілері қандай? 

Кавасаки синдромы негізінен нәрестелер мен бес жасқа дейінгі балаларда жиі анықталады. Жаңа қауіпті синдром ересек балаларда да кездеседі. Аталмыш дертпен ауырған балаларда жоғары температура, бөртпе, ісіну, теріге, көзге, тамырларға және жүрекке әсер ететін қабыну, сондай-ақ, инфекциялық-уытты шок байқалуы мүмкін. Негізі Кавасаки ауруы орта калибрлі тамырлардың, көбінесе коронарлық артериялардың зақымдануымен байланысты. Кейбір жағдайларда коронарлық артериялар аневризмасының дамуына әкелуі мүмкін. Италиялық зерттеушілер атап өткендей, Кавасаки ауруына ұқсас қабыну синдромы өте сирек кездеседі және SARS-CoV-2 коронавирусын жұқтырған 1000 баланың біріне ғана әсер етеді. Олардың пікірінше, бұл ауру инфекцияға шамадан тыс иммундық реакцияның нәтижесі болуы мүмкін. 

Мультижүйелі қабыну синдромының (MҚС) негізгі клиникалық белгілері: 

·         24 сағат және одан да көп уақыт ішінде 38,5 градус жоғары температураның сақталуы;
·         асқазан-ішек жолының зақымдануы – іштің ауыруы, құсу, жүрек айну, диарея;
·         тыныс алу жүйесінің зақымдануы – жөтел, ауыр пневмонияның өршуі салдарынан ентігу;
·         денедегі түрлі дәрежедегі бөртпелер (дақты, дақты-папулезді);
·         терінің қабыршақтануы;
·         конъюнктивит, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, алақанның, аяқтың ісінуі;
·         жүрек аймағындағы ауырсыну түріндегі кардиоваскулярлық белгілер;
·         тілдің, еріннің қызаруы. 

    Кавасаки: ауруханаға жату міндетті ме? 

Егер балада мультижүйелі қабыну синдромына деген күдік расталса, онда бала көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылуы тиіс. Баланы бір ғана маман емес, тұтас дәрігерлер тобы бақылауы қажет. Сондықтан, Кавасаки синдромы бар кішкентай науқастар негізінен барлық мамандары бар көпсалалы балалар ауруханасында емделеді. 

Ерте диагностика және уақтылы медициналық көмек көп жағдайда баланың сауығуына алып келеді. Дәрігерлер ең алдымен, ата-аналарға үрейленбеуге кеңес береді. 

Педиатр маман Ғалия Сейдалиева баланың бойында қандай да бір өзгешелік байқалса, үйде өз бетінше емделуге мүлдем болмайтынын айтады. 

Баланың бойынан қандай да бір бөртпелер байқасаңыз, үйде емдеудің, дәріханаларға барып, қандай да бір жақпа май сатып алудың қажеті жоқ. Үйде емделуге мүлдем болмайды, себебі, ауруды одан сайын асқындырып алуыңыз мүмкін. Ата-аналардың Кавасаки синдромынан сонша үрейленбеуін сұраймыз. Өйткені, бұл дертпен ауыруы үшін бала алдымен, коронавирус індетін жұқтырған болуы керек. COVID-19-бен ауырып болғаннан кейін 2-3 апта өткен соң ғана Кавасаки синдромына ұқсас белгілер пайда болуы мүмкін. Коронавирустан кейінгі асқыну болып саналатындықтан, Кавасаки синдромы жұқпалы емес. Ал, басқа вирустық аурулардың өзіңіздің педиатрыңызға көріну арқылы ғана алдын алуға болады, - дейді ол. 

  Кавасаки: емдеу жолдары 

Балада Кавасаки синдромының белгілері болған кезде бірден жергілікті дәрігерге немесе педиатрға бару керек. Тиісті мамандар дифференциалды диагноз бен зерттеулердің толық жиынтығын жүргізеді. Зерттеулерге биохимиялық қан анализі, гемостазды бақылау, коагулограмма, эхокардиограмма, ЭКГ, ультрадыбыстық зерттеу, кеуде рентгені немесе КТ кіреді, өйткені, мұндай балаларда тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері және пневмонияның дамуы болуы мүмкін. Мұның бәрі аурудың ауырлығына байланысты. 

Кавасаки синдромының салдары болуы мүмкін. Көбіне, тамырларға зақым келеді. Егер тыныс алу мүшелері зақым алса, онда оның салдары ауыр пневмония кезіндегідей әсер береді. Ал, егер коронарлық артерияларға әсер етсе, онда жүрек жеткіліксіздігінің, болашақта аневризманың өршу қаупі бар. Синдром бүйрек тамырларын зақымдаса, онда бүйрек жеткіліксіздігі дамуы мүмкін. Мұның бәрі әр адамда жекелей көрініс табады. Сондықтан, ауру «COVID-19 індеті салдарынан болған мультижүйелік қабыну синдромы», деп аталады. 

Баланы Кавасаки синдромынан қорғаудың жалғыз әдісі – коронавирустық инфекцияның алдын алу. Ол үшін бөлмені жиі желдету, қолды жиі жуу, қоғамдық орындарда бетперде тағу, үйдегі ылғалдылықты қажетті деңгейде сақтау, дұрыс тамақтану режимі, сондай-ақ, пандемия кезінде баланың өзгелермен тікелей байланысын барынша шектеу шараларының сақталғаны жөн. 

Кавасаки: Қазақстандағы статистика 

Елімізде жыл басынан бері аталмыш синдром алғаш рет Нұр-Сұлтан, Алматы және Петропавл қалаларында тіркелді. Кезекті онлайн брифингтердің бірінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов:
13 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекция жұқтырған балалар саны 2257, дәл қазір ауруханада 114 бала жатыр. Кавасаки синдромы – орта және кіші артериялардың зақымдануымен сипатталатын жүйелі ауру. Жыл басынан бері бұл індетпен Нұр-Сұлтан, Алматы және Петропавл қалаларында үш жағдай тіркелді, - деген болатын.  

Ал, 4 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 31 баладан COVID-19 індеті салдарынан болған мультижүйелік қабыну синдромы (Кавасакиге ұқсас) анықталған. 24 тамыздан бері мұндай синдромы бар балалар саны екі есе өсті. Оның ішінде 18 бала сауығып шықса, қалғандары көпсалалы балалар ауруханасында тиісті ем-дом шараларын алып жатыр. Олар республикалық деңгейдегі сарапшылар тобының тікелей бақылауында.
   

 



Өзгелердің жаңалығы