Қақ жарылған Корея. Елордада Корей түбегіндегі қауіпсіздік жағдайы талқыланды
PHOTO
19 Қараша 2021, 17:25 101

Қақ жарылған Корея. Елордада Корей түбегіндегі қауіпсіздік жағдайы талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Корей түбегіндегі қауіпсіздік жағдайы» тақырыбында семинар өтті.

Бұл іс-шараны Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырды.

Семинардың ашылуында сөз алған Корея Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-Сок қатысушыларды құттықтап, Корей түбегіндегі жағдайға қызығушылық танытқаны үшін алғысын білдірді.


Корея Республикасы бұрынғыдай диалог пен ынтымақтастық арқылы толық және берік бейбітшілікті қамтамасыз етуге толықтай ұмтылады. Сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың, әсіресе серіктес елдердің Корей түбегінде бейбітшілік пен өркендеу орнатуға күш салудағы рөлін атап өткім келеді. Біз Қазақстанның Солтүстік Кореяның денуклеаризация мәселесін шешудегі маңызды серіктесі әрі жақтаушысы екенініне қуаныштымыз. Қазақстан ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, өркендеу мен экономикалық даму жолын таңдаған ел ретінде Солтүстік Корея үшін үлгі бола алады, - деді дипломат.

Сонымен қатар семинарда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының стратегиялық даму, ғылыми жұмыстар және халықаралық әріптестік жөніндегі проректоры Айгүл Көшербаева академияның Кореямен ынтымақтастығы туралы сөз қозғады.


Біздің академия көпжақты ынтымақтастық шеңберіндегі серіктестікке үлкен мән береді. Академия Кореямен 2012 жылдан бастап белсенді түрде жұмыс істейді. Елшілік осы бағытта байланыстырушы көпір және негізгі ойыншы деп айтуға болады. Өңірлік ынтымақтастық шеңберінде біз бірлескен жобаларды іске асырамыз, тәжірибе алмасу жөніндегі іс-шараларға қатысамыз. Бүгінгі күннің қиындықтарын еңсеру үшін бізге ортақ мақсаттарымызды біріктіру маңызды. Көпжақты аймақтық ынтымақтастық аясында ғылыми және білім саласындағы байланысты дамыту біздің елдерімізге пайдалы болатынына сенімдімін, - деді Айгүл Көшербаева.

Іс-шараға Корея Республикасының 3 жетекші сарапшысы онлайн арқылы баяндама жасады.

Семинар қатысушыларға осы тақырып бойынша әлемдік деңгейдегі ғалымдардың баяндамаларын тыңдау арқылы Корей түбегінің қауіпсіздік мәселелерін түсінуді тереңдетуге мүмкіндік берді. 

Баяндамашылар Корея үкіметінің бастамасымен қолға алынған Корей түбегін ядролық қарусыздандыру саясатын, қазіргі корейаралық қарым-қатынастарды, Солтүстік Кореядағы ішкі саяси жағдайды, сондай-ақ ядролық қарусыздандыру мәселесіндегі Қазақстанның тәжірибесі мен үлгісін жан-жақты қарастырды.



Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ
Загрузка...