Көкшетауда полимерлік өндіріс қарқын алуда

16 Маусым 2020, 15:49
2742
Бөлісу:
Көкшетауда полимерлік өндіріс қарқын алуда

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. "Новопэк" серіктестігі отандық кәсіпорындардың ішінде полимерлік қаптама шығару өндірісінде көшбасшы саналады. Индустрияландыру бағдарламасы өндіріс ошағын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

2003 жылы ашылған компания экономикалық дағдарыстарға қарамастан өз өнімдерімен бәсекеге қабілетті екендіктерін көрсетуге барын салуда. Полипропиленді қаптама өндірісін жаңғырту жобасымен Ақмола облысының Индустрияландыру картасына енген кәсіпорын жылына 1,5 миллион биг-бэг шығаруды жоспарлаған болатын. Шетелден қажетті жабдықтар сатып алынып,  жақсы нәтижеге қол жеткізілуде.

Қондырғылардың 50% жаңартылған, шетелдік  жаңа құрылғылар тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Жобаның тағы бір жетістігі өнімдер қалдықсыз дайындалады. Үзіліссіз өндіріс болғандықтан, ұжым мүшелері төрт ауысымда жұмыс істейді. Қазір кәсіпорында 1 мыңнан аса адам еңбек етеді.

Кәсіпорын Кедендік одақ нормаларына сай сапалы өнім шығарып келеді. Осы уақыт ішінде ЭЕО-ға мүше мемлекеттер аумағында шағын фабрикадан аймақтық деңгейдегі ірі өндірістік кешен деңгейіне көтерілді. Австрия, Италия, Түркия, Тайван елдерінің жаңа заманғы құралдарымен жабдықталған зауыт өндірісінде полимерлік шикізат пен жоғары сапалы шетелдік қоспалар ғана пайдаланылады. Биылғы жылдың соңғы бес айы ішінде өндірістік көрсеткіштер едәуір артып, 1086 тонна өнім өндірілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 20 %-ға артық. Алда әлі межеленген жоспарларды жүзеге асыруға күш салатын боламыз. Жыл аяғына дейін 1200-1300 тонна өнім өндіріледі еп күтілуде. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 40 %-ға артық. Өнім көлемінің артуымен қызметкерлер саны да өсетіні белгілі. Компания білікті қызметкерлерге қашанда зәру. Осы ретте тігін өндірісінің операторлары сұранысқа ие мамандықтардың бірі болып отыр, - дейді кәсіпорынның өндірістік директоры Әнуар Омарбеков.

полимер1.jpg

Мамандарға сұраныс кадрлар тұрақтамайды деген сөз емес. Жыл сайын жұмысқа орналасып жататын қызметкерлер зауыт табалдырығын аттасымен-ақ өз кәсібінің майталманына айналады. Мұнда жақсы табыс тауып, әлеуметтік пакет алуға мүмкіндік мол.  

Өткен жыл соңында қызметкерлер үшін кәсіпорын қаражатына салынған жатақхана пайдалануға берілді. Мұнда негізінен тігін өндірісінің қызметкерлері тұрады.

Әлеуметтік желілерде компанияда лайықты еңбекақы, баспанамен қамту қарастырылатыны жарнамаланады. Маңғыстау, Шымкент сияқты өзге өңірлерден де азаматтарды тартуға тырысамыз. Кәсіпорын жатақханасында тегін тұру үшін отбасының екі мүшесі бізде жұмыс істесе жеткілікті. Жатақхана деген аты болмаса, бұл аумағы 33-36 шаршы метр, ас үйі, жуынатын жері бар бір бөлмелі пәтерлер. Отбасын құрмағандар бір бөлмеде екі-үш адамнан тұрады. 65 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерлер үлкен отбасыларға арналған, - дейді Әнуар Омарбеков.

Барлық қызметкерлерге ҚР Еңбек кодексіне сай жалақы төленеді, демалыс күндері жұмыс істегендерге қосымша төлемақы жасалады. Бұл жердің ұраны: қызметкер қанша ақша тапса, компанияға да соншалықты пайда түседі. Ай сайын үздік қызметкерлер грамоталар, ақшалай сыйақылармен марапатталады. Қызметкерлер жұмысқа тегін тасымалданады.

Кәсіпорында құрылыс, тағам, тау-кен өндірісінде қолданылатын биг-бэг, полипропилен қаптарының бірнеше түрі шығарылады. Өнім елімізден бөлек Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан елдерінде сұранысқа ие. Бір жыл бұрын полипропилен қаптарын шығаратын "Kokshecity" ЖШС цехы ашылды. Облыс орталығына келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экспортқа бағытталған сапалы өнім шығарып жатқан кәсіпорын жұмысын жоғары бағалады. Озық технологиямен жабдықталған өндірісті іске қосу өнім сапасын арттыруға жол ашқан. Жаңа цехта полипропилен қаптарын тігетін жіптер де осында дайындалады. Жоба құны 700 млн теңгені құрап отыр. Жаңа жоба шетелдік импорт ағынын біртіндеп ығыстыра отырып, арзан әрі сапалы қаптамаларға деген ішкі сұранысты жабу. Цех полимерлік өндірісті екі есеге арттыруды көздеп отыр. Өнім ішкі нарықта сұранысқа ие. Қосымша құрал-жабдықтар сатып алу жоспарлануда, - дейді Әнуар Омарбеков.

Бірнеше жыл бұрын кәсіпорында "Тігін өндірісі" мамандығы бойынша жұмысшы кадрлар даярлайтын оқу орталығы ашылған болатын. Жартыжылдық курста теория мен практика ұштастырыла оқытылады. Оқушыларға стипендия төленеді. Соңғы бес ай ішінде кәсіпорында 60 адам оқу курсынан өткен.


Өзгелердің жаңалығы