Балаева: Вакцинация маңыздылығын коронавируспен күрес кезінде бағалау барынша күрделі

16 Маусым 2020, 15:38
1798
Бөлісу:
Балаева: Вакцинация маңыздылығын коронавируспен күрес кезінде бағалау барынша күрделі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова, азаматтық қоғам өкілдері, сарапшылар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен "Міндетті екпе: қолдаушылар мен қарсы болушылар" атты онлайн кездесу өтті. 

Кездесу барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бүгінгі талқыланып отырған тақырыптың денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, оны кезекті пікірталас алаңына шығарып отырғанын жеткізді.
Өздеріңізге мәлім, біздің министрлік қоғамдағы ең өзекті, елдің қарама-қайшы пікірлеріне тоғысқан мәселелерді ортаға салып, осындай ой талас алаңында талқылап, дұрыс тұжырымдаламар жинақтауды дәстүрге айналдыруды қолға алып отыр. Бүгінгі тақырып – елді жаппай вакцинациялау мәселесін егжей-тегжейлі тек өздеріңіз сияқты білікті мамандар ғана біледі. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасының кейбір пункттері қоғамда қызу талқыға түсіп отыр. Біз аталмыш тақырыпты тек өзекті болғаны үшін ғана емес, сонымен бірге әрбір азаматқа аталған шаралардың заңнамалық деңгейде бекіту қажеттігін түсіндіру және жеткізу тұрғысында барынша маңыздылығына орай таңдап алғанымызды атап өткен орынды. Вакцинация маңыздылығын, әсіресе, қазіргі таңда тұтас әлем коронавирус індетімен күресіп жатқан кезде қайта бағалау барынша күрделі екендігі сөзсіз. Бұған қоса, вакцина әзірлеудің оң нәтижелерін тағатсыздана күтіп отырмыз, - деді министр.

Кездесу барысында Аида Балаева вакцинацияға қарсы пікірлер барын да атап өтті.
Қарсы пікірлердің көпшілігі вакцинацияның өзіне емес, оның сапасына қарсы. Дәл осы орайда жаңа кодекс аталған ерекшеліктердің бәрін ескеріп, жауапкершіліктің, оның ішінде сапасыз вакцинация үшін де нақты тетіктерін енгізеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл мәселеде барынша сындарлы саясат қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуына сіз бен біздің денсаулығымыз ғана емес, сонымен бірге балаларымыз бен немерелеріміздің де аман-есендігі байланысты. Шындығына келгенде, болашақ денсаулық кепілі де осы. Сондықтан, біз үшін түрлі пікірлерді және осы мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін есту маңызды. Бүгінгі біздің кездесуіміз қоғамдағы заң жобасына қатысты барлық негізгі мәселелерге лайықты жауап табатындығына сенімдімін, - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы