Бас жаңалықтар
Көкшетауда 3 мыңнан аса қауіпті ойыншық саудадан алынды
10 Сәуiр 2019, 17:55 1023

Көкшетауда 3 мыңнан аса қауіпті ойыншық саудадан алынды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Ұлт Көшбасшысының ел халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында халықтың денсаулығын қорғау мәселесі айрықша мәнге ие. Көкшетауда қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының мамандары 3 мыңнан аса сапасы күмәнді ойыншықтарды тәркіледі.

Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының өкілдері  тұрғындар денсаулығына қауіп төндіретін сапасыз өнімдердің алдын алу мақсатында мониторинг жүргізген. Оның барысында сапасы күмәнді көп ойыншықтар сатылымнан алынған.

«Тексеру барысында балалар ойыншықтарынан алынған 4 сынамадан формальдегидтің тиісті нормадан біршама артық мөлшері табылып, сауда сөрелерінен алынды. Негізінен резинадан жасалған ойыншықтарда рұқсат етілетін мөлшерден жоғары деңгейде кездесетін химиялық заттар бірінші кезекте баланың тыныс алу жолдарына зақымын тигізеді, яғни, тітіркендіріп, аллергия беруі де мүмкін. Дүкен иелеріне әкімшілік айыппұл салынды. Бұл ойыншықтар Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Қытай елдерінен жеткізілген. Көп ойыншықтар арнайы тексеруден өтпегені расталды. Талапқа сай емес 3 мыңнан аса өнім саудадан алынып, жойылды», - дейді Көкшетау қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының жетекшісі Қанат Ысқақов.

Оның хабарлауынша, тұрғындардың қаншалықты сапалы азық-түлік тұтынып, медициналық қызмет алып жатқаны да бақылауда.

 Былтыр қалада 55 сауда орындарында 891 өнім түрінен сынама алынып, оның 207-і талапқа сай болмай шыққан. Мониторинг аясында жоспардан тыс тексеріс кезінде бірқатар дүкендерде азық-түліктің сақталуы, микробиологиялық көрсеткіш, температуралық режимге қатысты өрескел заң бұзушылықтар анықталды.

Басқарма жетекшісі тұрғындарға екпе салудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын айтады.

«Қала бойынша қоршаған ортаға аса қауіпті ауру түрлері тіркелген жоқ. Былтыр перзентханада 2970 бала В вирустық гепатитіне қарсы егілсе, 105 баланың ата-анасы егілуден бас тартқан. Туберкулезге қарсы 2969 бала егілсе, ата-аналарының бас тарту себебінен 80 балаға егу шаралары жүргізілмеген. Былтыр осындай себеппен қала бойынша 134 бала басқа да инфекцияларға қарсы вакцина алмаған. Қызылша ауруына қатысты жағдай да осыған ұқсас. Жұқпалы дерттің белең алуына 11 баланың ата-анасы егу шараларына қарсылық танытқан. Қауіпті ошақтардағы 295 адамға профилактикалық екпе салынды. Тұрғындар арасында екпе салудың маңыздылығын түсіндіру мақсатында әлеуметтік желіде ортақ чаттар құрылып, инфографика, бейнероликтер таратылды. Нәтижесінде эпидемиологиялық жағдай тұрақталды», - дейді Қанат Ысқақов.

Басқарма жетекшісінің айтуынша, облыс орталығында туберкулез дертімен ауыратындар саны азайып келеді. Былтыр жіті ішек инфекциясымен 277 науқас тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 125-ке артық. Басты себеп қоғамдық тамақтану нысандарында жаппай уланудың екі жағдайының тіркелуімен байланысты болып отыр. Осы ретте, қадам басқан сайын ашылып жатқан қоғамдық тамақтандыру орындарындағы тағам сапасына бақылауды күшейту қажет.

Тексеру барысында спорттық нысандардың бірқатарының талапқа сай емес екені анықталған.

«Жоспардан тыс тексеріс барысында облыс орталығындағы «Бурабай» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бассейні гигиеналық нормаларға сәйкес келмейтіні анықталды. Зерттеу нәтижелері дезинфекция құралдарының гигиеналық  талапқа сай еместігін, зертханалық тексеріс жүргізілмейтінін,  спортшыларды ұдайы тексеріп отыратын дерматолог дәрігерлердің жоқтығын көрсетті. Осы орайда спорт мектебінің директорына әкімшілік айыппұл салынды», - дейді Қанат Ысқақов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...