Хан Кенеге Ақмола бекінісін алуда көмек берген – Нөгер батыр
PHOTO
26 Қыркүйек 2021, 14:32 26225

Хан Кенеге Ақмола бекінісін алуда көмек берген – Нөгер батыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан үш жыл бұрын өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын.

Сол мақаладағы «Тарихи сананы жаңғырту» деп аталатын екінші бөлімінің екінші тармағы «Ұлы даланың ұлы есімдеріне» қатысты. Мысалы, Елбасы өз мақаласында былай дейді: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады».

Әңгімемізге кіріспес бұрын неге бірден Елбасы мақаласын алға тартып отырмыз? Себебі анық. Кенесары хан Ақмола бекінісін шабарда бекіністің қару-жарақ сақталған 12 қоймасының қақпасын біз сөз еткелі отырған Нөгер батыр ашып береді. Бұл жайлы белгілі тарихшы, этнограф Ахмет Тоқтабай өзінің «Қорғалжын – құт мекен» атты кітабында жазады.

Нөгер батырдың шыққан тегі бес болыс Тінәлі ішіндегі Қанайдан, Қорғалжын өңірінде туып-өскен. Ақмолаға жиі қатынап тұрған, аздап орыс тілін білген. Патша бекінісі Ақмолада – қару-жарақ, оқ-дәрі т.б. сақтайтын 12 қойма болады. Кенесары Нөгерге кісі жіберіп: «Ел ішінде жүрсің ғой, сол 12 қойманы складты бізге шаптыр» - дейді. Бұрын да Ақмоланың бүге-шігесіне дейін жақсы білетін Нөгер, бекіністің, 12 қойманың мән-жайын тағы бір барлап, Кенесарыға келісімін беріп, уақытын белгілейді. Нөгер түн жамылып барып, 12 склатта тұрған 12 күзетші-солдатты дымын шығармай өлтіріп, Кенесарының тапсырмасын орындаған соң, ауылына кете барады. Кенесары сол түнде 12 қоймадағы қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешектің бәрін тиеп алып кетеді, - деп жазады Ахмет Тоқтабай «Нөгер батыр» мақаласында.

Сол Нөгер батырдың артында қалған ұрпағы Елбасының қос мақаласын қос тізгін етіп, аталарына ас беріп, басына белгі орнатты.

Бір жолы осы ата-бабаларымыздың басына белгі орнату бойынша жиын өткіздік. Келген кісінің көбі қариялар, егде жастағы адамдар. Жастардан ешкім келмеді. Бұл маған ой салды. Шынымен қазіргі жастарымызға ата-бабасының кім болғаны қызық емес пе деп көп ойландым. Ақыры сол жастарымыз үшін үлгі болар бір іс жасамаққа бекіндік. Бүгінгі өтіп жатқан іс-шара, баба басына қойылған тас, берілген астың бәрі сол жастырдың бірін-бірі танып, араласып, ілгеріде өткен аталарының қандай ерлік жасағанын біліп жүруі үшін жасалып жатыр – дейді Көбе, Нөгер қорының басшысы Жәнібек Оспанов.

Елбасы да өз мақаласында, «...еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет» - деген болатын. Ал Нөгер батырдың өмір жолын, оның кім болғанын зерттеп, зерделеу тарихшылардың еншісінде.

Мен Нөгер батырдың бесінші ұрпағымын. Әкем – Ілияс оның әкесі – Ермекбай, оның әкесі – Оспан, Оспанның әкесі – Өмірбек, Өмірбектің әкесі – Нөгер. Ал Нөгер атамыз Сарының баласы. Сары Байғоннан туады – дейді Қалқабек Ілиясұлы.

Нөгер батыр жайлы «История Казахстана в русских истошниках XVI-XX веков» кітабының 8-томында көрсетілген. Онда «59. Нөгер Сарин, би, 40 жаста. Қатал әрі қатаң. Бай. Тіләлі-Қарпық болысы, тілеуімбет руынан. Қошай Жолбарысов сұлтанмен бірг жүреді» - деп жазылған.

Ал ұрпақтары белгі қойған кесене Қарағанды облысы Нұра ауданына қарасты Баршын ауылдық окургінің аумағында. Нақтырақ айтсақ Қарақасқа ауылынан солтүстік шығысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан.

Бұл жер ежелден біздің елдің мекені болған. Әкелеріміз де, аталарымыз да осы жерде Көбе, Нөгер бабаларымыз жатқанын айтып отыратын. Менің әкем де осы жерде туып өскен. Атам Ермекбай осы өлкені мекендеген атақты бай болған екен. 1926 жылы тәркілеу басталғанда бүкіл мал-мүлкін тартып алып, Ермекбайды 6 баласымен бірге Сібірге жер аударып жіберіпті – деп еске алады Қалқабек Ілиясұлы.


Нөгер батыр жайлы орыс деректеріндегі ақпарат оның би екенін жазады. Оның би болғанын айғақтайтын бір дәлел мына жүзік мөрі. Бізге белгілісі 1976 жылдары Нөгер батырдың сауыт-сайманы Ленинградтың өлкетану музейінде тұрғаны. Қазір бар-жоғынан хабарсызбыз.

Менің туысқан атам Мұхаметжан деген кісі Ленинград түбінде соғыста болған. Соғыс аяқталған соң 2-3 жыл Ленинградта әскери қызметте болады. Сол жылдары Кеңес үкіметінің Ленинградтағы Тарихи-өлкетану музейінде болады. Сол кезде музейде тұрған Нөгер батырдың сауыт-сайманын көреді. Бұл 1946-47 жылдар еді. Арада 30 жылға жуық уақыт өткен соң 1976 жылы мен Ленинградқа әскери борышымды өтеуге бардым. Сол кезде жаңағы Мұхаметжан атам маған хат жазыпты. «Осылай да, осылай, музейде атаңның сауыты мен дулығасы бар, соны барып көр» - деп. Барып көрдім, әскердегі жолдастарыммен бірге. Сауыт пен дулығаны өз көзіммен көрдім. Астында «Арғын, тінәлі руынан шыққан Нөгер батырдың сауыты» деген орысша жазуы бар еді – дейді Қалқабек Ілиясұлы.

Көшім ханға қолбасшы болған Қанайдың ұрпағы Нөгер де оңай оспақ болмағаны анық. Олай дейтініміз, дулығасын қолымен ұстап, көзімен көрген Қалқабектің айтуынша ана дулығаға қазіргі екі адамның басы еркін сиятындай екен.

Музейде сауыты, шарайнасы және дулығасы болды. Дулығасы өте үлкен екен. Мен ол кезде 18 жастағы бозбала едім, менімен бірге жүрген әскерлердің бәрі күлді. «Сенің ата-бабаң шынымен осындай үлкен болса, сен неге кішкене болдың?» - деп. Бір өкініштісі, содан кейін қайтып ол сауыт-сайманды іздеп барған жоқпын. Оған мұрша да болмады – дейді батырдың ұрпағы.

Нөгер батыр жайлы тарихи деректерде, нақты құжаттарда көп айтылады. Бірақ әлі де бір ізге түсіріліп, жинақтала қойған жоқ. Тіпті Ленинградта тұрған деген сауыт-сайманды көрген адамдардың қатары да сиреп барады. Батырдың ұрпақтарының айтуынша сауытты 1984 жылы Эрмитаждан көрген Нөгердің тағы бір ұрпағы бүгінде 80-нен асқан кейуана Қарағандыда тұрады. Ал Ленинградта тұрғанын көрген бір азамат өткен жылы қайтыс болған.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында; мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет» екенін айтқанын жақсы білесіз ғой. Осы мақсатта Нөгер батырдың артында қалған ұрпақтары бірлесіп қор құрып, алдағы уақытта ел руханиятына сүбелі үлес қосу үшін жұмыс істеп жатыр. Жаңағы атамыздың сауытын мүмкін болса іздеп тауып, елге әкелу, тым болмаса нақты дерек ретінде түпнұсқа суретін алғызу, Нөгер батыр ерліктерін зерделейтін студенттерге қолдау көрсету мақсаты бар – дейді батырдың ұрпақтарының бірі «Мирас-А» ҚҚ басшысы Жүзбай Серікұлы.

2008 жылы «Нөгер батыр» атты мақаласында Ахмет Тоқтабай батырға Елордадан бір көше беруге тұрарлық тұлға екенін жазады. Дегенмен, күні бүгінге дейін бұл ұсыныс орындалмай келеді.

Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы мен «Ұлы даланың ұлы есімдеріне» сай келер Нөгер батырдың сауыт-сайманы сол Елбасы мақаласында айтылған «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейінде» тұрса, кімнің тақиясына тар келер еді? Ал Нөгер батыр атымен бір көше аталар болса, Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек» - дегенімен ұштасып жатпас па еді?!


Фото: автордан
Загрузка...