Бас жаңалықтар
Global Finance нұсқасы бойынша Қазақстандағы үздік банк анықталды
19 Наурыз 2019, 11:45 505

Global Finance нұсқасы бойынша Қазақстандағы үздік банк анықталды

Астана, BAQ.KZ. Нью-Йоркте "Global Finance" журналы жыл сайынғы дәстүр бойынша 26-шы рет әлемнің үздік банктерін салтанатты жағдайда марапаттады. 


"Global Finance" журналының ұжымы 150-ден астам елдегі қаржы институттарына зерттеу жүргізіп, үздігін таңдап алды. Іріктеу барысында қарқынды өсу, инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу, стратегиялық жобаларды іске асыру критерийлері негізге алынды. 
Биыл да оңтайлы және ыңғайлы сервистерімен және керемет бизнес нәтижелерімен бірқатар банк лауреат деп танылды.

Халықаралық басылымның оң көзқарасына ие болған қаржы ұйымдарының арасында қазақстандық ForteBank бар. 

"Global Finance" талдаушыларының пікірінше, ForteBank жеңісін анықтаған негізгі факторлар нарықтық позицияларының күшеюі, географиялық қамтуы және клиенттер үшін үздік инновациялық қызмет көрсетуі болып табылады.


«Біз үшін Global Finance журналының марапатын алу – үлкен құрмет. Бұл марапатты екі жыл қатарынан иеленуіміз, біздің тұтынушыларымызға тиімді қызметімізді және стратегиямыздың дұрыс таңдалғанын растайды. Банк өзінің клиенттеріне үздік инновациялық өнімдерін ұсына отырып, капиталының жеткіліктілігі мен өтімділігі бойынша нарықта көшбасшылық позициясын сақтап қалады. Біз 2018 жылы барлық қаржылық және операциялық көрсеткіштер негізінде айтарлықтай өсімге қол жеткізіп, активтер мөлшері бойынша Қазақстанның екінші деңгейлі банктерінің топ-3 құрамына кірдік. Ал бұл жетістігіміз халықаралық сарапшылар тарапынан бағаланғанына қуаныштымыз», - деді банктің басқарма төрағасы Гурам Андроникашвили.

Айта кетейік, бұл марапатты түрлі жылдары еліміздегі «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ және т.б. қаржы институттары иеленген.

Сізден жаңалық