Жалақы жыл сайын инфляция деңгейінде көбейтілуі керек - Сапарбаев

19 Наурыз 2019, 11:37
3219
Бөлісу:
Жалақы жыл сайын инфляция деңгейінде көбейтілуі керек - Сапарбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қазір ең төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы көбейтіліп жатқанын айтты. Министр олардың жалақысы жыл сайын кем дегенде инфляция деңгейінде көбейтілуі керек дейді.


«Қазіргі таңда ел экономикасында 6 600 жалдамалы жұмыскер 165 мың тұрақты жұмыс істейтін кәсіпорында еңбек етеді. Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингі нәтижесі бойынша, Қазақстан бұрын еңбек қатынастарын реттеуде 140 мемлекеттің ішінде 35-ші орында болса, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 30-шы орынға көтерілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың басынан бастап, ең төменгі жалақы 42 500 теңгеге дейін көтерілді. Яғни, ол өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсті. Қазіргі таңда мемлекетімізде орташа жалақы 176 мың теңге болып есептеледі. Еңбек қатынастарындағы негізгі мәселелердің ең біріншісі ол - дер кезінде жалақыны беру, еңбекақы қарызына жол бермеу. Қазіргі таңда мемлекетіміздегі жалақының қарызы 1 млрд 700 миллион теңге. Оның негізгілері, 75%-ы - банкрот пен сауықтыруда тұрған кәсіпорындарда. Қазіргі кезде біз жергілікті билікпен, прокуратура, құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Жалақы қарызын азайту үшін кесте әзірледік. Бүгінгі таңда Мәжілісте заң жобасы қаралуда. Онда еңбек инспекциясында шығарған шешімдерді соттың шешімдерімен теңестіру, сол инспекцияның берген мәліметтері бойынша қарыздарды дер кезінде төлеу қарастырылған», - деді Сапарбаев. 

Министр Үкімет отырысында жұмыс берушілер мен жұмысшылардың арасындағы еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне де тоқталды.
 
«Бұл реттеу қазір ұжымдық келісімшарт арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 40 мыңға жуық еңбек шартына қол қойылған. Көңіл бөлетін мәселе - кейбір кәсіпорындардың, мекемелердің жұмысшыларды келісімшартсыз жұмысқа алуы. Біздің мәлімет бойынша, қазір олардың саны бір мыңға жуық. Біз енді осылармен Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс істеуіміз керек. Келесі мәселе – ол да Мемлекет басшысының тапсырмасы, ең төменгі деңгейде жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көбейту. Осы шараның нәтижесінде қазіргі таңда 184 мың кәсіпорында 958 мың қызметкердің жалақысы өсті. Ендігі міндет - әкімшіліктермен, кәсіподақпен, жұмыс берушілермен бірігіп, осы жұмысты әрі қарай жалғастыру. Жалақы жыл сайын кем дегенде инфляция деңгейінде көбейтілуі керек. Негізгі мәселе – біз енді жаппай қысқартуға жол бермеуіміз қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы