Футзал: Венесуэланы жеңіп, өз тобымызда көш бастауға тырысамыз – Біржан Оразов

16 Қыркүйек 2021, 09:17
2553
Бөлісу:
Футзал: Венесуэланы жеңіп, өз тобымызда көш бастауға тырысамыз – Біржан Оразов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футзалдан ұлттық құрама әлем чемпионатындағы топтық кезеңде екінші жеңісіне қол жеткізді.

Чемпионат аясындағы екінші матч алаң қожайыны Литваға қарсы өтті. Ойынның 23-секундында Тайнан гол соқты. Бұл биыл өткізіліп отырған әлем чепионатындағы жылдам гол ретінде тіркелді.

Екінші таймда қазақстандықтар тағы екі гол соқты. Алдымен Дәурен Тұрсағұлов көзге түсті. Кейін Альберт Ақбалықов жақын бұрышты дәл көздеген болатын. Қорытынды есеп - 3:0, Қазақстан құрамасының қоржынында үш ұпай.

Қазақ елін екінші жеңісімен құттықтаймын! Қазір топта бірінші орында тұрмыз. Ойынға келер болсақ, қиынға соқты. Себебі алаң иелеріне алтыншы ойыншы ретінде көрермендер көмектесті. Ол бізге белгілі дәрежеде әсер етті. Бірінші тайм ауыр соқты. Ал үзілістен кейін ойын өрнегін өзгерттік. Былайша айтқанда, қиынға түсті, - деді Қазақстан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов. 

Сонымен қатар ол Литваға қарсы ойынды алғашқы матчпен салыстырды. 

Жанкүйлердің қолдауы маңызды. Себебі олар ойынға деген жаңа эмоция береді. Көрерменнің көп болуы қарсыласымыз - Литва командасына көмектесті деп ойлаймын. Меніңше, бірінші ойын жеңіл өтті. Бүгінгі матчта Литва құрамы қорғаныста жақсы ойнады. Ең бастысы, гол өткізбедік. Бұйырса, үшінші ойында бұдан да жақсы ойын көрсетеміз деген ойдамын, - деді ол.

Біржан Оразовтың айтуынша, футзалдан әлем чемпионатындағы атмосфера ерекше. 

Алғашқы ойында қобалжу басым болды. Әлемдік үлкен аренада еліміздің намысын қорғау және өзіміздің алғашқы жарысымызды өткізіп отырмыз. Дегенмен кәсіби ойыншылар ретінде қобалжуымызды жеңе білдік, - деді Біржан Оразов.

Ол топтағы үшінші қарсылас Венесуэлаға қарсы ойынға дайындықтың қалай жүргізілетінін айтты.  

Венесуэлаға қарсы нақты зерттеу жүргізілген жоқ. Жаттығу басталғаннан бастап бейнероликтерден қарсылас ойыншыларды тыңғылықты зерттей бастаймыз. Бізге топта бірінші орынды сақтау керек. Егер бәрін ұтсақ, іріктеуде үшінші орын иеленген қарсыласқа түсеміз. Бұл - біздің жолымызды жеңілдетеді,  - дейді ол. 

Айта кетейік, ұлттық құраманың келесі кездесуі 18 қыркүйекте Венесуэла құрамасына қарсы өтеді. Бұл ойында жеңіске жетсе, команның топтан бірінші орынмен шығуға мүмкіншілігі бар.

Өзгелердің жаңалығы