Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін түрік әріптесіне алғыс айтып, оны және барша түрік халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.
Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікке негізделген қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Келіссөздерде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарада ерекше ықыласпен қарсы алғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Анкарада Президент сарайындағы салтанатты қарсы алу рәсіміне қатысқан болатын.