Қызылорда облысының Арал ауданында жолаушылардан жол ақысын негізсіз жоғары талап еткен такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында шетел азаматтарының жергілікті такси жүргізушісіне қатысты бейнежазба жариялағаны анықталды. Осыдан кейін полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтады. Ол Арал ауданының 50 жастағы тұрғыны болып шықты.
Полиция мәліметінше, жүргізуші тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзғаны және тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған айыппұл салынды.
Полиция жолаушыларды тасымалдау қызметі заң талаптарына сәйкес көрсетілуі керектігін ескертеді. Тиісті тіркеусіз такси қызметімен айналысуға және жолаушылардан негізсіз жоғары ақы талап етуге жол берілмейді. Мұндай заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылған.