Астанада демалыс күндері мас күйде көлік басқарған 22 жүргізуші ұсталды. Құқық қорғау органдары алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқарған жүргізушілерді анықтауға бағытталған рейдтік іс-шараларды жалғастырып келеді.
Астанада демалыс күндері «Мас жүргізуші – қылмыскер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Өткен демалыс күндері жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері көлік құралын мас күйде басқарған 22 жүргізушіні анықтады.
Осындай жағдайлардың бірі Астана қаласы патрульдік полиция полкінің қызметкерлерімен тіркелді. Жедел-профилактикалық іс-шара аясында полицейлер Chery автокөлік жүргізушісін тоқтатқан. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдік масаңдық белгілері байқалған.
Ер адам медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның нәтижесі алкогольдік масаң күйде болғанын растады. Құқықбұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік арнайы коммуналдық тұраққа қойылды.
Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Полиция көлікті алкогольдік масаң күйде басқару жай ғана жол қозғалысы ережесін бұзу емес, жүргізушінің өз өміріне де, мүлдем кінәсіз адамдардың өміріне де қауіп төндіретін жауапсыз әрекет екенін ескертеді.
Мас күйде рөлде өткізген бірнеше минут орны толмас қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Полиция азаматтарды алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға, жақындарының мұндай әрекетке баруына жол бермеуге және жолда қауіп төндіретін жүргізушілер туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырады.