Функцияларды бәсекелес ортаға беру тәсілдері айқындалған заң қабылданды

11 Сәуір 2019, 17:15
2147
Бөлісу:
Функцияларды бәсекелес ортаға беру тәсілдері айқындалған заң қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орталық және жергілікті атқарушы органдарының функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.  

«Құжат «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-қадамын іске асыру үшін әзірленген және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға берудің құқықтық негізін қалыптастырады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар функцияларын бәсекелес ортаға берудің айқын критерийлері жоқ. Осыған байланысты заң жобасында мыналар айқындалады: функцияларды беру мақсаттары, қағидаттары мен тәсілдері; функциялар сапасыз іске асырылған жағдайда, оларды қайтару тетігі; Үкімет, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, функцияларды орындаушылар және Үкімет жанынан құрылған Комиссия өкілеттіктері. Жекелеген функцияларды бәсекелес ортаға беруге тыйым салынатынын атап өту керек.

«Бұл – ұлттық және ақпараттық қауіпсіздікті, қорғанысты, қоғамдық тәртіп пен тағы басқаларын қорғауға бағытталған функциялар», -  деп айтты ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.  

Жобада функцияларды бәсекелес ортаға берудің тәсілдері айқындалады. Бұл функциялар міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу, аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік тапсырма арқылы және функцияларды қолданушылар есебінен беру тәсілдері. 

«Бұл жағдайда функция заңнамалық түрде мемлекеттік органның құзыретінен алынып тасталады. Одан басқа функциялар мемлекеттік орган құзыретінен алынбай аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік тапсырма арқылы іске асырылатын тәсілдер қосылды. Жобаға сәйкес жыл сайын комиссия шешімдері негізінде функцияларды бәсекелес ортаға беру жүзеге асырылады. Бұдан басқа, жобада берілген функциялардың іске асырылуын мониторингілеу рәсімі енгізіледі. Мониторинг нәтижесі қанағаттандырмаған жағдайда, Комиссия жүргізілген талдау негізінде тиісті заңнамалық өзгерістерді қабылдау жолымен функцияларды қайтару жөнінде ұсынымдар әзірлейді», - деп айтты ҚР ҰЭМ басшысы. 
  
Ол осы рәсімдердің барлығы қоғам үшін ашық және айқын екенін, бұл азаматтық қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен талқылау үшін тартуға мүмкіндік беретінін айтты. Заң жобасы бәсекелес орта арқылы дамуға және мемлекеттік органдар функцияларының сапасын арттыруға бағытталған.


Өзгелердің жаңалығы