Еркегүл Тілеген: Субсидия төлеу – жылқы шаруашылығын дамытудың бір тетігі

22 Сәуір 2020, 17:48
5244
Бөлісу:
Еркегүл Тілеген: Субсидия төлеу – жылқы шаруашылығын дамытудың бір тетігі
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Республикалық Ет және сүт өнімі бағытындағы жылқы тұқымдары палатасының директоры Еркегүл Тілеген еліміздегі ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды жылқы шаруашылығына қатысты өз ойымен бөлісті.

2016 жылы Ақтөбе облысында тіркелген. Палатаның басты мақсаты - асыл тұқымды жылқыларды дамыту, ал басқа жылқыларды асылдандыру. Қазақтың кереметтей асыл тұқымды жылқылары бар. Мысалы, мұғалжар, көшім, жабы типті қазақтың жылқысы, тағы басқа дегендей. Сол жылқыларды асылдандырумен қатар, олардың сапасын арттыру. Қазіргі таңда осы бағыт бойынша палата Қазақстан фермерлер одағымен бірлесіп, құрамында 30-ға жуық ғалым жұмыс істеп жатыр.

- Жылқыға субсидия төлеу мәселесі шаруашылықтарда қызу талқыға түскен жағдайлардың бірі. Бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр?

- Қазіргі қолымызда бар қазақы жылқы тұқымдары бізге ата-бабаларымыз қалдырып кеткен ұлттық валютамыз десек болады. Біз осы ата-бабадан қалған асыл қазынаны сол қалпында келер ұрпаққа жеткізуіміз керек. Бұл іске бір ғана палата емес, жылқы өсіріп отырған шаруашылықтар, жеке тұлға, барлығымыз бірлесіп атсалысуымыз керек.

Субсидия жайлы түсіндіретін болсам, асыл тұқымды айғырға 100 мың теңге беріледі. Сонымен қатар, 1 литр бие сүтіне төленетін 60 теңге өз күшінде қалды. Бұл сомаларды қалдыру оңай шаруа болған жоқ. Ақтөбе облысы әкімінің қолдауымен, жергілікті бюджеттен жем-шөбіне деп әр биеге 20 мың теңге беріледі. Бұл төлемді республикалық емес, әр облыс өз бюджетінен төлейді.

- Палатаның жәй шаруаға қандай септігі бар?

- Егер біз жәй шаруа немесе арнайы шаруа қожалықтары деп бөлетін болсақ немесе бізге тек асыл тұқымды жылқы ғана керек деп ойласақ, онда жәй шаруалар жоғарыда айтқан 20 мың теңгеге қосылмайтын еді. Себебі Қазақстандағы барлық жылқы саны 2,8 миллионнан аспайды. Оның өзін жылына 900 мыңдайын соғымға сойып аламыз. Одан бөлек, шетелден келетін сұраныс бар. Алайда оларға көл-көсір қылып сата беретін артық жылқымыз тағы жоқ. Сондықтан да асыл тұқымды емес, қарапайым жылқыны да біз асылдандыру бағытына қойып отырмыз. Әрине, бұл жерде шаруашылық иесі ме, әлде жеке азамат па, өз жылқысын өзі біледі, не істеймін десе де.

- Палата тек жылқылары асыл тұқымды екенін анықтайтын құжаты бар шаруашылықтарға ғана қарай ма?

- Иә, палата тек асыл тұқымды жылқыларға ғана мәртебе бере алады. Және соларға асыл тұқымды екенін дәлелдейтін куәлік бере алады. Ал қарапайым жылқы өсіретін азаматтар қолындағы малын асылдандырамын десе, әлі де кеш емес. Себебі біздің елде көп жылқы өзінің табиғи жақсы қасиеттерін бойында сақтап қалған. Бұны тиімді пайдаланып, жақсы айғыр сатып алып, қолыңызда бар жылқының сапасын арттыруға жұмыс істеуіңізге болады.

- Асыл тұқымды айғыр алып сала беріңіз дейсіз, асыл тұқымды айғырдың бағасы шарықтап тұр. Сол бағаны үкіметке ұсыныс жасап, сәл арзандатып немесе басқа жеңілдіктерін қарастыруға бола ма?

- Иә, қазіргі кезде асыл тұқымды айғыр бағасы қымбат екені анық. Өкініштісі, менің ойымша, айғыр бағасына әзірге ешкім шектеу қоя алмайды. Оның да өз себептері бар. Мысалы, бір асыл тұқымды айғырды асылдандыру үшін шаруашылық ұзақ уақыт жұмыс істейді. Ғалымдардың еңбегі бар, "асыл тұқымды" екенін дәлелдейтін куәлік алу, мәртебе алу да ақша. Сол себепті асыл тұқымды айғырдың бағасы әзірге шаруашылық бекіткен бағамен ғана өлшенеді. Ал қандай бағаға сатып алсаңыз да, ол өз шығынын өтейді деп ойлаймын. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Ал айғыр бағасына қатысты шаруашылықтарға да, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де біз ешқандай шарт қоя алмаймыз.

- Бәйге аттарына да мән бересіздер ме?

- Бәйге аттарына арналған жеке палата бар ғой. Жаңа жоғарыда айтқанымдай, біз тек етті-сүтті бағыттағы, шаруашылық, өнімдік бағыттағы жылқыларға қатысты жұмыстармен айналысамыз. Яғни жергілікті жылқы тұқымдарына арналған палата деп түсінсеңіз болады.

- Палата құрамына қалай кіруге болады? Палата мүшесіне қандай жеңілдіктер бар?

- Палатаға тіркелу үшін палата құрамына кіргіңіз келетінін айтып, арнайы өтініш бересіз. Жылына бір рет төлейтін жарнасын төлейсіз. Жарна – 250 мың теңге. Бұл сома келесі жылы, яғни екінші жылы 150 мыңға азаяды. Ал палата құрамына кіргеннен кейін сізге берілетін жеңілдікке келер болсақ, егер сіз бұрыннан асыл тұқымды жылқы өсіріп отырған болсаңыз, жылқы тегінің үш аталық ізі жалғасқан болса, жыл сайын тексеруден өткізіп отырған болсаңыз, "асыл тұқымды жылқы өсіруші" деген мәртебені тегін ала аласыз. Палатаның сізге беретін жеңілдігі осы. Ал палата құрамына кірмей, жеке шаруа ретінде мәртебе алу ақылы екенін жақсы білесіздер.

- Палата құрамына кірген шаруашылықтарға жылқыны асылдандыру бойынша қандай да бір көмек бар ма?

- Әзірге ондай көмек жоқ. Бірақ 2021 жылдан бастап "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КеАҚ (НАНОЦ)-пен бірге бірқатар жоспарды жүзеге асыруды ойластырып отырмыз. Сол кезде жылқы тұқымын асылдандыру бойынша нақты көмектер берілетін болады. Ал жоғарыда айтылған 20 мың теңгені тек қана асыл тұқымды жылқыларға ғана төлейміз бе деген ой болған. Алайда кез келген жылқы шаруашылығында асыл тұқымды және қарапайым жылқы бар ғой. Сол себепті біз ешқайсысын алаламай, әр биеге 20 мың теңге төлеуді дұрыс деп таптық. Бұның өзі қазір заңды күшіне әлі енген жоқ. Алдағы бір-екі айдың көлемінде күшіне еніп, шаруашылықтарға беріле бастайтын болады.

- Демек, сол қаржыны асыл тұқымды болса да, болмаса да әр биеге ала алады ғой?

- Иә, сіздің биеңіз жылдың басында, яғни 1 қаңтардан бастап ауыл шаруашылығы жануарларын бірегейлендіру (ИСЖ) және ақпараттық талдау жүйесі (ИАС) бағдарламаларына тіркелген болса, субсидияны ала беруіңізге болады. Осы орайда тағы естеріңізге салайын, бұл субсидия жергілікті бюджеттен беріледі. Сондықтан қазіргі жағдайда Атырау мен Ақтөбе облыстары ғана келісім беріп отыр. Яғни осы екі облыстың шаруалары ғана ала алады. Ал басқа облыстарға біз әлі ұсыныс жасаған жоқпыз. Себебі субсидия турлы заң әлі бекітілген жоқ. Заң бекітілген соң біз басқа өңірлерге осы ұсыныспен шығатын боламыз. Атырау мен Ақтөбе әзірге сынақ уақытын өткізіп жатыр деуге болады.

Шаруалардың жағдайын ойлап, еліміздің асыл тұқымды жылқысының сапасы артуына ықпал жасап, субсидияның бөлінуіне айрықша үлес қосқан бір адамды айта кетсем деймін. Ол – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы. Себебі сол кісінің бастамасымен, сол кісінің жылқыға деген, оның ішінде қазақ жылқысына деген жанашырлығы, патриоттығының арқасында осы ақшаға қол жеткізіп отырмыз. Әзірге бұл субсидия жылқы өсірушілерге 5 жыл бойы төленіп тұратын болады.

- Жылқыға берілетін субсидияның басқа талаптары бар ма? Мысалы, жаңағы 20 мыңды бір биесі бар да, мың биесі бар да адам ала ала ма?

- Иә, өзіндік талаптары бар. Мысалы, 20 мың теңгені алуға үміткер шаруаның қолында 75-тен астам биесі болуы керек (Атамекен Ұлттық палатасы арқылы бие басын 50-ге түсіруге Ауыл шаруашылық министрлігіне ұсыныс берілді). Ал одан аз жылқысы бар адамға бұл субсидия берілмейді. Тағы бір айта кетер жағдай, бір үйірде 15 бие, бір айғыр болуы керек.   

- Қазақстанның кез келген өңірінде тұратын жылқы шаруашылығы палатаға мүше бола бере ме?

- Мысалы, сіз Маңғыстауда жылқы өсіріп жатырсыз. Біздің палата Ақтөбеде. Бірақ бұл сіздің бізге мүше болуыңызға кедергі келтірмейді. Себебі аты айтып тұрғандай, біздің палата Республикалық палата.

- Палата атынан Үкіметке, тіпті болмаса ауыл шаруашылығы министрлігіне, тиісті орындарға жылқы шаруашылығын дамыту бойынша қандай да бір ұсыныс бересіздер ме?

- Жасыратыны жоқ, соңғы үш жылда жасаған түрлі ұсыныстарымыздың алғашқы нәтижесін биыл ғана көріп отырмыз. Оның өзінде Ақтөбе облысының әкімдігі қолдамса, жылқыға субсидия беру деген сол айтылған күйі қалатын еді. Жаңағы 20 мың теңгенің өзі сол тынымсыз берілген ұсыныстардың нәтижесінде жылқы шаруашылығында қол жеткен үлкен жұмыстардың бірі деп ойлаймын.

- Мысалы, бір шаруашылықта бірнеше адамның жылқысы бірге бағылуы мүмкін. Осындай жағдайда шаруашылыққа субсидия беріле ме?

- Берілмейді. Шаруашылықтағы жылқы бір адамның не бір шаруашылықтың атына тіркелген болуы керек. Ал бірнеше адам бірігіп бір шаруашылықта жылқы бағып, бірақ әркімнің жылқысы өз атында болса, ол жылқысындағы бие саны 75-ке жетпесе, 20 мың теңгені ала алмайды.

- Асыл тұқымды жылқы екенін анықтайтын куәлікті алу үшін қанша жылқы болуы керек?

- Бір жылқыңыз болса да асыл тұқымды деген куәлік ала аласыз. Бұл заңда солай көрсетілген. Алайда сол бір жылқыңыздың өзінің енесі мен айғырының (әкесінің), олардың енесі мен айғырының және олардың енесі мен айғырының, яғни қолыңыздағы жылқының үш тегінің асыл тұқымды екені дәлелденуі керек. Сонымен қатар, жылқыңыз кешенді бағалаудан (бонитировкадан) өткен болуы шарт.

- Айғырға берілетін субсидияны шаруа қожалықтарынан бөлек, жеке азаматтар қалай алады?

- Жеке тұлға ретінде тіркелу арқылы ала алады. Яғни жергілікті ауыл шаруашылығы департаментіне асыл тұқымды айғыр ұстайтын жеке тұлға ретінде тіркелесіз. Содан кейін субсидия алуға өтініш бересіз.

- Мұғалжар жылқысын ұстайтын азаматтар көп. Әсіресе өзіңіз айтып отырған Ақтөбе облысында біраз адам осы тұқымды малданады. Бірақ олардың көбісінде тұқымдық куәлік жоқ. Бұл шаруашылықтар сіздерге қарай ма, әлде сіздер кімде асыл тұқымды екенін анықтайтын куәлігі бар, солармен ғана жұмыс істейсіздер ме?

- Пікіріңізбен келісемін. Мысалы, үйірде мықты айғыр болса, ол өзі де селекция жасауға қабілетті болады. Алайда палата "асыл тұқымды" куәлік алған шаруашылықтың жылқысын ғана асыл тұқымды деп таниды. Бұл заңда солай көрсетілген. Ал өз бетімен мұғалжар, көшім, қазақтың жабы тұқымдарын өсіріп, оған тұқымдық куәлік алмай жүрген шаруашылықтар өте көп. Палата оларға қолдау көрсетіп, қатарға қосып, тұқымдық куәлік беруге қашанда дайын.

- Тұқымдық куәлігі бар жабағыларды сата беруге бола ма?

- Сата беруге болады. Туғанына 18 ай толған, кешенді бақылаудан өткен, енесі де, айғыры да үш аталық ізден асыл тұқымды болып тараған болса, сата беруге болады.

- Жаңадан бастаған шаруа асыл тұқым жылқы алумен қоса, бонитер шақыртып жұмыс жүргізуі өзін қаржылық тығырыққа тіреп қоймай ма?

- Ондай болуы да мүмкін. Дегенмен, нәтижелі жұмыс бастағысы келген адам кез келген жағдайда өзі қызметіне жүгінген мамандардың да ақысын жақсы төлей білу керек деп ойлаймын. Ол мамандар да еңбектенеді ғой. Ал шынайы еңбек арқылы өз шығыныңызды бір айғырдың құнымен-ақ жауып алатыныңызға сенімдімін.

- Бонитер деп жатырмыз ғой, жылқыны кешенді бағалаудан өткізетін маман. Біздің елде бұл мамандыққа дайындау, оқыту бар ма?

- Бар, бірақ әр университетте әртүрлі стандартта. Сондықтан алдағы уақытта палата бұл мәселені қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл бір жағынан бонитерлердің өз өтініші. Сол себепті де оқыту міндетті түрде болады. Және біздің палата оқытқан бонитерлер ғана бонитировка жасайтын құқыққа ие болады. Бұның да өз себептері бар. Мысалы, кешенді бақылауды дұрыс жасай білмейтін мамандар бонитировка жасайды да, жылқының болашағына үлкен зиян келтіріп жатқан жағдайлар бар.

- Елімізде мал дәрігерлері, соның ішінде жылқы мамандарының саны аз. Бұл мәселені палата деңгейінде қалай шешесіздер?

- Иә, бұл шынымен де күрделі, әрі маңызды мәселе. Наурыз айының 11-13 аралығында елордада ауыл шаруашылығының халықаралық көрмесі өтті. Сол жерде Чехиядан келген мал дәрігері лекция оқыды. Негізі олар тек жылқы малында кездесетін аурулар бойынша 4 адам келуі керек еді. Коронавирус жағдайына байланысты біреуі ғана келді. Сол мамандардың жылқы ауруларына қатысты түрлі дәрі-дәрмектері бар екен. Соларын таныстырды. Өз кезегінде біздің жылқы саласы бойынша мал дәрігері мандарымыз да олардың қатысушыларына лекция жүргізді. Осы жерде екіжақты келісімдер болып, мал дәрігерлік саласы бойынша халықаралық байланыстың алғашқы қадамдары орнай бастады. Олар біздің елде жеке шаруашылықтармен жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

Ал өз елімізге келер болсақ, көбінде мал дәрігері ауылдық жерлерде керек. Ал жаңадан бітірген жас маманға ауылда көп жағдайда жағдай жасалмайды. Сондықтан олар ауылға барғысы келмейді. Барған күннің өзінде көп тұрақтап тұрмайды. Палата мұны министрлік тарапына бірнеше рет ескертті. Әуелі ауылға баратын маманға жағдай жасасын. Содан кейін ғана одан еңбек нәтижесін талап ету керек.

Осы орайда бір айта кететін жағдай, жақсы сұрыптаудан өтіп, сапасы жақсарып, асылдандырылған жылқы көп ауырмайды. Айғыр үнемі ауыстырылып, жақсы күтімде болса, ауру бола қоймайды. Аурудың көбі тексіздікке байланысты болады деп ойлаймын.

- Ал қазіргі таңда әлемді алаңдатқан індеттен жылқы еті мен сүті, яғни қымыз құтқарады екен деген сөз ел арасында жиі айтылатын болды. Шынымен солай деп ойлайсыз ба?

- Бұл індетті жеңіп шығу үшін ең әуелі адамның иммунитеті жоғары болуы керек екенін ғалымдар айтып отыр. Кеше ғана АҚШ-та тұратын жерлесіміз, доктор, профессор Алмас Шармановпен сұқбатты тыңдадым. Алмасты барлығыңыз білесіздер, әйгілі Төрегелді Шармановтың ұлы. Сол кісі өз сөзінде жылқы етін жеп, саумал, қымыз ішу керегін баса айтты. Демек коронавируспен күресте антивирус қызметін атқармаса да, жылқы еті мен қымызы иммунитет көтеруге таптырмайтын дәрумен.

- Біздің елде жылқы еті мен қымызбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар ма?

- Бар. Қазіргі кезде еліміздегі халық көп тұтынатын сиыр, қой, құс етінің бағасы шарықтап кетті. Тіпті құс етінің ең арзаны килограмына 600 теңге. Ал жылқы етінің өзіндік құны - 350-500 теңге көлемінде. Біз жылқы етін экспортқа шығармай, ішкі нарықта ғана қалдырып, басқа етті экспортқа шығаруымызға болады. Ал жылқы етін ел иммунитетін көтеру үшін жалпы тамақтану орындарына, медициналық-сауықтыру орындарына, әскери тамақтану жүйесіне енгізіуімізге болады ғой.

Мысалы, қазіргі кезде адамның барлығы дұрыс тамақтану режиміне көшкен. Бұл дұрыс та шығар, бірақ екінші жағынан олар өз иммунитеттерін түсіріп алады. Ал ойлап көрсеңіз, біздің ата-бабаларымыз диеталық витаминдер, энергетикалық сусындар ішіп көрді ме? Жоқ. Себебі жылқының еті мен сүтінде адам ағзасына керекті барлық витаминдер мен дәрумендік сусындар бар. Мәселен, жылқы етінің өзі 70 пайыз минералды судан тұрады. Бұрынғы кезде адамдар "қонағасыға сиыр етін жеме, кеңірдегің сасиды" дейді екен. Онымен не айтқысы келеді, "сиыр еті сіңбейді" дегенді меңзегені.

Өзіңіз ойлап қараңызшы, жаңадан бір тағам жасап шығару үшін қаншама зерттеулер, құрамын, энергетикалық күшін анықтайды. Ал жылқы еті мен құмызды зерттеп, талдап-талқылап жатудың керегі жоқ. Сан ғасырдан бері ата-бабаларымыз қандай пайдасы барын, қандай сырқатқа ем екенін айтып кеткен. Қарапайым ғана бие сүтінің құрамы 98 пайыз ана сүтінің құрамымен бірдей. Ал ана сүтінің адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін дәлелдеп жатудың керегі жоқ.

Біздің палатаның төрағасы Серікбай Рзабаевтың бастамасымен жылқы саласы бойынша 27 ғалым жұмыс істеп келеді. Егер Үкімет жылқы еті мен сүтін дамытуды, оны жаппай тұтыну тағамына айналдыруды қолға алатын болса, біздің ғалымдар қолдау көрсетуге әркез дайын.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы