Бас жаңалықтар
Қазақстанда еріктілер ұйымының 50 мыңнан астам мүшесі бар – Абаев
20 Мамыр 2019, 17:58 328

Қазақстанда еріктілер ұйымының 50 мыңнан астам мүшесі бар – Абаев

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 222 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Қазақстан-Ресей жастарының форумында мәлімдеді. 

«Бұл форум тәжірибе алмасудың тамаша мүмкіндігі. Сонымен бірге, өткір мәселелердің шешілуіне жол ашатын іс-шара болады деп сенемін. Біздің мемлекетте жастар мәселесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері басты назарда. Оған бір мысал келтіргім келеді. Ел тағдырындағы ең қиын кезең – тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» бағдарламасы қолға алынды. Бүгінде осы бағдарлама бойынша әлемнің үздік оқу орындарында 13 мыңнан астам қазақстандық студент тегін оқып жүр», - деді Дәурен Абаев.   

Оның айтуынша, аталған бағдарламаның көмегімен осы кезге дейін 130 мыңнан артық отандасымыз Еуразияның, Американың мықты деген оқу ордаларынан білім алып келген. Министр әртүрлі салаларда абыройлы қызмет етіп жүрген «Болашақ» түлектерін кейінгі буынға жарқын үлгі көрсетушілер деп атады.   

«Жастар жылы аясында көптеген мүмкіндікке, жеңілдікті тұрғын үйге, бизнеспен айналысуға, пайызы аз несиеге қол жеткізуге кеңінен жол ашылатыны белгілі. Бүгінде 4 млн-ға жуық қазақстандық жас бар десек, Жастар жылы олардың 70%-дан астамы әртүрлі шаралармен қамтылады. Ал, 10%-ы нақты қолдауға ие болады», - деді министр. 

Дәурен Абаевтың баяндауынша, Қазақстанда 222 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Оларға 50 мыңнан астам белсенді жас мүше болып жүр. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанайда 20-21 мамыр күндері Қазақстан-Ресей жастарының форумы өтуде. 



Фото: автордан

Сізден жаңалық