Бас жаңалықтар
Ерекше балаларға арналған клуб ашылды
PHOTO
19 Ақпан 2021, 18:53 340

Ерекше балаларға арналған клуб ашылды

Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада BABYTOWN жалпы білім беру-сауықтыру орталығының базасында жаңа аула клубының ашылу салтанаты өтті.

Игілікті істі «Астана жастары» мекемесі қалалық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп қолға алған. Бұл клуб ерекше қажеттіліктері бар балаларға, жетім балаларға және әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға арналған.

Аталмыш іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты қолға алынып отыр. Клубта каратэ, жүзу сияқты спорт секциялары, ал шығармашылық үйірмелерден: сурет салу, би, балшық терапиясы, мектепке дайындық курстары, сондай-ақ массаж терапиясы ашылды. Бұл – Нұр-Сұльан қаласы бойынша ашылған 24-орталық.


Елордамызда мұндай орталықтар әлі де ашылады. Мақсатымыз – жағдайы  төмен жандарға қол ұшын созу. БЦП-мен ауыратын балаларға тегін түрде арнайы мамандардың қадағалауымен жаттығулар жасап, курстарғк қатысуын қамтамасыз ету. Белгілі бір уақыттарда кәсіби жаттықтырушылар ақысыз қызмет көрсетеді. Қала әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта мұндай орталықтардың санын көбейту жоспарда тұр. Басқа аудандарда ашу идеясын қалалық мәслихат депутаттары мен аудан әкімдері бірауыздан қолдады, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

Аула клубында балалар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қызықты үйірмелердің бірі – саз және керамикамен жұмыс істеу. Орталықта бұл үйірмеден сабақ беретін ұстаз – Ғазиз Жұмабеков. Ол - Жезқазған педагогикалық институтының көркемсурет факультетінің түлегі. Мәскеу халықаралық шығармашылық фестивалінің лауреаты (1990). Еуроазиялық Дизайнерлер одағының мүшесі. Керамикамен жұмыс тәжірибесі 29 жыл.

Қазір жас ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрген ұлттық аспабымыз – сазсырнай. Осы бір үрмелі аспапты жасап жүргеніме 25 жылдай болды. Сазды қалай алу керек, оны қалай кептіру, күйдіру керек екенін кішкентай балалардан бастап үлкендерге де үйретемін. Дәрігерлердің өзі сазсырнайда ойнаудың өзі денсаулыққа пайдалы екендігін айтты. Адам өкпеге ауаны көбірек жинап, оны жай-жай шығарса өкпе қабаттарындағы шырышты қабық қатаяды екен,- дейді Ғазиз Жұмабеков.

Оның айтуынша, егер оттегі көп бармаса, өкпеде суланып, вирустар тез еніп кетуі мүмкін. 


Ал шырышты қабығы күшті болса, иммунитетке жақсы әсер етіп, вирустардың тез еніп кетуіне кедергі болады. Бұл – дұрыс дем алу жаттығуы. Сондықтан сазсырнайдың емдік қасиетін таныту, оны жасауды үйрету – менің міндетім. Сазсырнайдың дауысы да көңіл-күйге жақсы әсер етеді,- дейді орталық ұстазы.

Клуб барлық керек құрал-жабдықтармен қамтылған. Жаттықтырушылардың барлығы – өз ісінің шеберлері. Бассейн, массаж бөлмесі, ойын бөлмесі және үйірмелерге арналған кабинеттер жасақталған. Балалар үшін жақсы мүмкіндіктер қарастырылған.


Әр баламен жеке айналысамыз. Бірінші рет сабаққа келген кезде иілгіштік қасиетіне ерекше мән береміз. Каратэ баланың төзімділігін арттырады. Спортта бірінші орында тәртіп тұрады. Спорт баланың ойлау қабілетін арттырады. Бізде жалпы бағдарлама деген жоқ. Әр баланың мүмкіндігіне қарап, ерекше көңіл бөлеміз, өйткені әрқайсысының денсаулық деңгейі әртүрлі», - дейді каратэден жаттықтырушы Дидар Демесінов. 

Ол - Қазақстан Республикасының спорт шебері, қара белбеу иегері. Еңбек өтілі 19 жыл.





Раушан АРМАНҚЫЗЫ

Фото: автордан
Загрузка...