Бас жаңалықтар
Экономикалық санкциялар елдер арасындағы тілдесу құралына айналды – Назарбаев
12 Қараша 2019, 11:18 574

Экономикалық санкциялар елдер арасындағы тілдесу құралына айналды – Назарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге шыққанын айтты. Бұл туралы ол "Астана клубының" бесінші отырысында мәлімдеді.  

Әлемдік державалар арасындағы бәсекелестік жаңа деңгейге шықты. Өзара санкциялар мен сауда соғыстары АҚШ пен Қытай арасындағы қалыпты жағдайға айналды. Агрессивті риторика мен экономикалық санкциялар батыс пен Ресей арасындағы негізгі тілдесу тілі болып отыр. Ахуал тұрақты коммуникация арналарының болмауынан тереңдей түсіп, стратегиялық тұрақтылықтың қайта орнауына күмән туғызып отыр. Антиинтеграциялық жағдайға айналған Сирия және Украинадағы дағдарыс бейбіт шешуді қажет етеді, - деді Назарабев "Астана клубының" бесінші отырысында.

Ол кейбір мемлекеттердің қарулардан бас тартпай отырғанын айтты. 

Жуырда жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімнің күші жойылғанына куә болдық. Ол ХХІ ғасырдың екінші жартысындағы қауіпсіздікке кері әсерін тигізіп жатыр. Мұның бәрі Еуразия кеңістігіндегі бақылаусыз милитаризмді көрсетіп отыр. Ендігі кезекте мемлекеттер өзінің қауіпсіздігі мен егемендігінің кепілі деп білетін қарулардан бас тартпай отыр, - деді ол. 

Елбасы АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің артуы жаһандық технологиялық тізбектің бұзылуына, сондай-ақ жоғары технологиялар әлемдік нарығын тұрақсыздандыруға әкеліп соқтыратынын атап өтті. 

Қазіргі кезеңде жасанды интеллект қарқынды дамып жатыр. Оның әртүрлі мүмкіндіктерімен қатар қателіктері де бар. Бүгінде жасанды интеллект тұрақтылық пен әртүрлі аралас соғыстарды туғызудың құралы тәрізді. Жасанды интеллект негізінде әлемдегі күш өзгеріп жатыр, - деді Назарбаев.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін елордада ҚР тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Астана клубының" бесінші отырысы өтіп жатыр. Онда Елбасы Астана клубы халықаралық диалогтық платформалар жүйесінде бірегей орнын алғандығын айтқан еді. Сонымен қатар, Назарбаев Азия мен Еуропаның екі ірі ұйымының потеницалын біріктіруді және елордада ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық саммит өткізуді ұсынған еді. 



Фото: Артём Чурсинов
Загрузка...