Бас жаңалықтар
Тарихи мұраларды тонағандарға қылмыстық жаза қолдануды ұсынылды
12 Мамыр 2021, 12:10 285

Тарихи мұраларды тонағандарға қылмыстық жаза қолдануды ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа тарихи ескерткіштерді сақтауға қатысты сауал жолдады.

Депутат айтқандай, Қазақстанның ежелгі тарихы әлі де жерде жатыр. Оның мұрағаты - археологиялық ескерткіштер.

Тарих пен мәдениеттің куәсі болар, нақты ескерткіштер саны көбеймей, сөзіміз әлі де арық, үніміз әлі де жәй шығары анық. Археологияға сұранысты арттырудың негізгі шарты – тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталып, қорғалу ісін күшейту. Осылайша халықтың өткен тарихи тағдырынан хабар беріп, адамзат өркениетінің ажырамас бөлігі болып қалыптасар, бүгіні мен ертеңін тұрақты түрде барлық қауіптен сақтап отыру бәрімізге аманат. Осы ретте көпшіліктің назарын «Елеке сазы» қорымына аударғанды жөн көріп отырмыз, - деді ол.

«Елеке сазы» жазығы-қорымы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданынында, Ақсуат ауылынан оңтүстікке қарай 80 шақырым жерде орналасқан. 2010-2016 жылдары «Елеке сазы» жазығында барлығы 300 астам қорғандардан тұратын 7 қорым анықталды. Ең үлкен қорымының диаметрі 120 м, биіктігі 5 м.

Қазбаның нәтижесінде 7 қорғанның, өкінішке қарай, тоналғаны белгілі болды. Табылған жәдігерлердің ерекшелеріне қарағанда, ескерткіш б.з.д. VII ғ. ерте сақ дәуірімен замандас. Теориялық және даладағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көне көшпенділер дәуірінің Тарбағатай өлкесінің материалды және рухани мәдениетін сипаттайтын өнер, көркем мәдениет, соғыс ісі бойынша жаңа деректер жинақталды. Осы ескерткіштерді қалдырып кеткен адамдардың этникалық тиістілігі туралы мәліметтер де аса құнды, - деп Ғазиз Құлахметов түсіндірді.

Оның сөзінше, Елеке сазындағы тағы бір бірегей ескерткіш көне түркі кешені еуразиялық кеңістігіндегі саусақпен санарлық қағандық, патшалық кешендер қатарына жатады.

Өркениетті мемлекеттер мәдени мұрасын сақтап, оны пайдалану мәселесіне ерекше ыждаһаттылықпен, үлкен құрметпен қарайды. Дамыған елдерде халықтың тұрмысы жақсарса, туризм индустриясының өсімі байқалады.

Депутат атағандай, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық жайындағы 2014 жылғы 5 шілдедегі 235-V Кодексінің 447-ші бабына сәйкес, тарихи-мәдени мұраны бүлдірген жеке тұлғаларға 5 АЕК, заңды тұлғаларға 10 АЕК айыппұл салынады.

Осы ретте Қазақстан Халық партиясының фракциясы бірнеше ұсыныс айтты.

  1. Алдымен аспан астында сайрап жатқан тарихи қазынаның тоналып, қолды болмауын қамтамасыз етпек керек. Ғалымдардың негізі қаупі - дүниеге құныққан жаны молақ, ойы шолақ кездейсоқ ұры-қарылар мен мамандаған «қара» археологтардан келер зиян. Технологиялар күн сайын дамып жатқан заманда металл іздегіш жабдықтарды тіркеуден өткізуді және тек арнайы рұқсатпен алып жүруді жолға қойған жөн. Оңай олжа тапқысы келетіндер біздің елде, көрші Қырғыз елінде жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр. Сондықтан ҚР ІІМ арнайы пәрмен беріліп, заңды түрде тосқауыл қойылуы керек.
  2. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің жеке тапсырмасымен әзірге уақытша он екі ай күзет қойылды. Бірақ мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Ертең күзет алынатын болса анталап жүрген тонаушылар лап етіп, баға жетпес құндылықтарымыздан әп-сәтте айырылып қаламыз. Өйткені археологтар бұл жерден 20 шақты қорғанды ғана қазды. Ал қалған қорғандар сол қалпында тұр. Сондықтан бұл жердегі мұраларымыз жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізімінен Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне алынуы керек. Ескерткіш киелі және туристік нысанға айналып, тарихи-мәдени мұраны насихаттау мен ашық аспан асты мұражай-қорық жасауға өте қолайлы. Мәдениет және спорт министрлігінің балансына беріліп, Шілікті және Берел тәрізді музейлер қатарынан орын алуы тиіс деген ұсынысымыз бар. Елеке сазы ескерткіштері өзінің мәртебесі бойынша ұлттық және халықаралық ғылыми және мәдени ұйымның (ЮНЕСКО) қор тізімдеріне енуге лайық.
  3. Мұраларымызды тонаушыларға қолданатын жазаны әкімшілік құқық бұзушылықтан қылмыстық құқық бұзушылыққа ауыстырылуын пысықтау керек.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...