Бас жаңалықтар
Депутат: Жайылымдық жерді жалға беру мерзімін ұзарту керек
11 Наурыз 2021, 17:02 557

Депутат: Жайылымдық жерді жалға беру мерзімін ұзарту керек

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мандат – мақтан үшін емес, халықтың мәселесін мінберде көтеру үшін керек. Егер барлық депутат осы үдеден шыға алса, көпшіліктің сенімін ақтай алғаны. Бұл туралы Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Шыңғыс Абдрахманов айтты.

Сол себептен де депутаттық мандатқа ие болған алғашқы күнімізден елдік проблемаларды саралап, сараптап, оларды шешу жолдарын қарастыруға кірісіп кеттік, - дейді ол.

Халық қалаулысының сөзінше, еліміз тәуелсіздігін алғалы, отыз жыл ішінде талай-талай шаруа атқарылды. Көптеген іс қолға алынды. Олардың игілігін халық көріп те жатыр, көре де береді.

Жамбыл облысының өзінде ауыз толтырып айтарлық жұмыстар істелгенін мойындауға тиіспіз. Алайда бұл ел ішінде түйінді түйткіл жоқ деген сөз емес. Қоғам болған соң, кемшілік те болады, олқылықтар да көзге көрінеді. Әу бастан аяғын таппаған дүниелер болады. Қолымызда құзырет болған соң, солардың сүбелілерін, сүйектілерін, жұртшылықтың көптен бері көкейіндегісін қаузауға күш салғанбыз, - деген депутат алдымен ауылдағы ағайынның проблемаларын әңгімеледі.

Бүгінде елді мекендердегі қолында малы бар шаруалар құмдағы қыстауларды толыққанды пайдалана алмай отырған көрінеді. Үлкен мәселеге айналып үлгерген, мұның бірнеше себебі бар болып шықты.

Нақтылай тоқталсам, өңірдегі бір ғана Сарысу ауданында, оның ішінде Қамқалы, Досбол және Жаңаарық ауылдық округтерінде 15-тен аса кәсіпкер мен 10 шақты азаматтың шаруашылықтары, сондағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің иелігіндегі орман қорының жайылымдық жерлерінде қоныстанған. Олар иеліктеріндегі шамамен 11 250 бас қой-ешкіні, 1 110 бас мүйізді ірі қараны, 890 бас жылқыны, 130 түйені орман қорының жайылымдық жерінде өрістетуде. Жайылымдық жерді аудандық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесімен келісімшартқа отырып, жалға алған. Алайда жалға алған жерінде малдарын тек қазан-мамыр айлары аралығында ғана қыстатып шығады, - деді Шыңғыс Басиеұлы.

Ал мекемеге төлейтін жал ақысын шаруалар мал басына шағып, жыл бойы төлеуге мәжбүр екен. Депутат соның салдарынан ауылшаруашылық жерін жеке тұлғалар да, кәсіпкерлер де ұзақ мерзімге пайдалану құқығын рәсімдей алмай отырғанын мәлімдеді. Бұл ақыры күрделі мәселеге айналып, ауылдағы жұрттың кәсіппен айналысуына кері әсерін тигізуде.

Шыңғыс Абдрахмановтың айтуына қарағанда, сонау 1991-92 жылдары енгізілген жер реформасына сүйеніп, жергілікті әкімдіктер бұрынғы кеңшарлардың тұрақты пайдалануындағы жерді орман қорына өткізіп жіберген. Егемендігіміздің бастапқы тұсындағы бұл өзгеріс, мал өсірушілерді қыстауларынан айырыпты.

Ілгеріде бір-ақ жылға жалға берілетін орман шаруашылығы жері кейін келе, яғни, 2018 жылдан бастап 10 жыл мерзімге берілуде. Десе де, мұның өзі шаруалар үшін тиімсіз болып тұр. Себебі 10 жыл пайдалану мерзімі аяқталған шаруа онда тұрғызған күрделі құрылыс нысандарын (үй, қора-жай және т.б.) шартты түрде бұзып алып кетуі керек. Біздің шаруа қожалықтары мен жеке мал өсірушілердің арасында жүргізген сауалнамамыздың нәтижесі, олардың бұл бағыттағы жұмыстарға сеніміздігін көрсетті. Тиімсіздігін де аңғартты, - деп атап өтті депутат.

Оның айтпағы, орман қоры жеріндегі жайылымдықтарды пайдаланып отырған шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалар кәсіптерін толыққанды жүргізу үшін жерін коммуналдық меншікке қайтарып, ұзақ мерзімді, кем дегенде 49 жылға жалға алуы керек. Мемлекет осыны заңдастыруы қажет. Сонда толыққанды мал өсіру үшін міндетті түрде қажет – жайлау, қыстау, шабындық және егістік жерінің пайдалану тәртібі реттеліп, бұл саланың олқылықтары жүйесін табар еді.

Сондай-ақ елді мекендердегі мал өсіріп, шаруашылығын дамытуға ниет білдіріп отырған көптеген тұрғын кәсіпкерліктерін тіркеп, қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады. Бұдан шаруа қожалықтары болып тіркелген заңды тұлғалардың мал шаруашылығын дамыту бағытындағы барлық мемлекеттік бағдарламаға қатысуына мүмкіндік туатындығын да көріп отырмыз, - деді халық қалаулысы.

Ол жоғарыдағы шаруалардың талабы орындалатын болса, ауылшаруашылық тауарлары көлемінің едәуір ұлғаятындығына да сенімді. Ең бастысы орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлері мен шаруалар арасындағы жалға алу келісім шартына байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелі жойылады.



Фото: автордан
Загрузка...