Депутат карантин кезінде ішімдікке тәуелділердің саны күрт өскенін айтып, дабыл қақты

30 Қыркүйек 2021, 13:02
7200
Бөлісу:
Депутат карантин кезінде ішімдікке тәуелділердің саны күрт өскенін айтып, дабыл қақты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай хабарлады. Сондай-ақ ол пандемия кезінде «халық емі» деп ішімдікті жарнамаушылардың көбейгенін алға тартып, Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады.

Жалпы, Дүние жүзі денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, бүгінде Қазақстан халқы жан басына шаққанда 11 литр таза спирт тұтынады екен. Осы көрсеткіш бойынша еліміз Орталық Азия өңірінде «ең ішкіш елге» айналғаны көңілге кірбің ұялатады. Бұл жағынан әлемде 34 орындамыз. Мысалға, Қырғызстан – 106, Түркменстан – 114, Өзбекстан – 131, Тәжікстан – 134 орынды иемденіпті. Қытай 95 орында. Бұл – дабыл қағарлық меже, - деді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, ғаламды індет жайлаған уақытта «халық емі» деп, қилы ішірткілерін жарнамалаушылар қатары көбейген. Ең сорақысы – карантин кезінде ішімдікке тәуелді болғандардың саны күрт өсіп кеткендігі мәлім болып отырған көрінеді.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, еліміздегі коронавирусқа қарсы карантин мезгілінде арақ, ликер өнімдерін тұтыну мөлшері 21,5 пайызға (2020 жылғы қаңтар-қарашада 35,7 миллион литрге дейін) өскен. Түрлі қатаңдату, шектеу шараларына қарамастан, былтыр мас күйінде көлік жүргізген 8900 адам ұсталған. Ел болып, етек жинап, барлық үкіметтік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық және діни бірлестіктер, отбасы институты тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіп, нысаналы-мақсатты әрекетке көшпесе, істің насырға шабатын түрі бар, - деп атап өтті Дархан Мыңбай.

Ол ғаламдық кеселдің кесірі халқымызға, ұлтымызға тимесін десек, спирттік ішімдіктерге, есірткіге, құмар ойындарына әуестілікті дәрігерлердің көзқарасымен «дерт» ретінде ғана бағалауды қайта қарайтын уақыт келді деп отыр.

Елімізде алкоголизмге, нашақорлыққа және құмар ойындарына қарсы күрес бағдарламасының жұмысы 2015 жылы аяқталған. Бұл бағытта тиімді жұмыс ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдар мен денсаулық сақтау орындарының құзыретін кеңейтудің жөні бар деп ойлаймыз. Өйткені заң талабы, берік дәстүр жүйесі, айқын мемлекеттік тетік қажет, - деді Мәжіліс депутаты.
Өзгелердің жаңалығы