Denis Ten Memorial Challenge Халықаралық турнирі өтеді

10 Қазан 2021, 16:39
1302
Бөлісу:
Denis Ten Memorial Challenge Халықаралық турнирі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 28-31 қазан аралығында«Барыс Аренада» мәнерлеп сырғанаудан екінші Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі өтеді.

Турнирді Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен «Денис Тен қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырады. 

Биыл жарысқа 20 мемлекеттен келген 100 спортшы қатысады. Бұл қатарда осы жылы өткен әлем чемпионатының жүлдегерлері мен келер жылы Бейжіңде жалауы желбірейтін ақ Олимпиаданың көшбасшылары бар. Ересектер мен жасөспірімдер тобына бөлінген мәнерлеп сырғанаушылар жекелей және жұптық сында өнер көрсетеді.

Denis Ten Memorial Challenge мәнерлеп сырғанаудан биыл «Челленджер» (ISU Challenger Series) санатында өтетін 7-ші жарыс. Халықаралық конькишілер одағы (ISU) аталған санаттағы халықаралық турнирлерді 2014 жылдан бері жылда 5 қыркүйек пен 15 желтоқсан арасында Гран-При сериясына қосымша жарыс ретінде өткізіп келеді. ISU жыл сайын турнирлер тізімін қайта бекітеді.

«Челленджер» сериясындағы жарыста 1-5-ші орын алған мәнерлеп сырғанаушылар халықаралық рейтингте Гран-При, әлем және құрлық чемпионатына қатысқан спортшылардан кейін ең көп ұпайға ие болады. 

Әр жекелей мәнелеп сырғанаушы, я болмаса жұп «Челленджер» сериясындағы 3 жарысқа қатыса алады. Ал қатысушылар рейтингі түзілген кезде спортшылардың тек екі сериядағы үздік көрсеткіші есепке алынады. Серия қорытындысы бойынша ересектер мен жасөспірімдер санатындағы үздік үштікке қаржылай сыйақы табысталады.

Айта кетейік, «Челленджер» сериясына кіретін Орта Азиядағы ең ірі бәсеке – Denis Ten Memorial Challenge халықаралық турнирі алғаш рет 2019 жылы 10-13 қазан аралығында Алматы қаласында өткен. Ол туринрге 18 елдің мәнерлеп сырғанаушысы қатысқан еді.

Өзгелердің жаңалығы