Дауыс беруге бала ертіп келуге тыйым салынады

10 Қаңтар 2021, 09:34
2174
Бөлісу:
Дауыс беруге бала ертіп келуге тыйым салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясы алаңында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов сайлау учаскелеріндегі коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары туралы айтты.

Мемлекеттік бас санитариялық дәрігердің қаулысымен бекітілген коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу алгоритмі сақталуы керек. Індетті шектеу жолдары қарастырылған. Сайлау комиссиясының қызметін ұйымдастыруда, сайлау учаскесінде, сайлау учаскесінен тыс жерде, дауыс санағанда, байқаушылар мен сенімді тұлғалар, сайлаушылар әлеуметтік қашықтық сақтауы керек, - дейді Ерлан Қиясов.

Сайлау учаскелерінде дене қызуы бар адамды анықтайтын арнайы құрылғылар орнатылған. Егер дене температурасы жоғары адам анықталса, ол оқшауланады.

Сайлау комиссиясының жұмысы барысында келесідей талаптар сақталуы тиіс. Сайлау комиссиясының мүшелері, сенімді тұлғалар, байқаушылар, сайлаушылар сайлау учаскесінде маска режимін сақтасын, үш сағат сайын маска ауыстырып, ішке кіргенде қолды тазалау керек. Қолмен амандасуға және келетін адамдармен жақын байланыс орнатуға болмайды. Сайлау комиссиясына кірерде қолды антисептикпен тазалау, сайлау өтетін жерді жиі-жиі тазалау керек. Сайлау жәшіктерін тасымалдау кезінде санитарлық талаптар сақталуы тиіс. Жиһаз бен техника да бір-бірінен бірнеше метр қашықтықта тұруы керек, - деді вице-министр.

Оның сөзінше, сайлау учаскесіне бала ертіп келуге тыйым салынады.

Сайлау учаскесіне келген сайлаушыларда антисептикалық зат болуы керек. Мүмкіндігінше өз қаламыңызбен келген дұрыс, ол болмаған жағдайда сізге қалам беріледі. Сайлаушы комиссия мүшесінің қолына құжатын өзі ашып беруі тиіс. Дауыс беруге бала ертіп келуге тыйым салынады, - деді ол.

Учаскелік комиссияның дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларын қабылдау кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет. Дауыс беруге арналған стационарлық және тасымалданатын жәшіктерді ашар алдында дезинфекциялау міндеттеледі. 

Мекемелерді аралап жүріп дауыс жинайтын сайлау комиссиясының мүшелері жеке қорғаныс құралдарымен (бір рет қолданылатын халат, маска, қолғап, антисептикалық сұйықтық) қамтамасыз етілуі тиіс. Жеке қорғаныс құралдарын қайта пайдалануға болмайды. Көрсетілген жеке қорғаныс құралдары жақсы жабылатын контейнерге салынуы тиіс. Сайлаушыларға қажет болған жағдайда жеке қорғаныс құралдары беріледі. Жәшікті сайлаушыға дейін немесе одан кейін дезинфекциялау қажет. Әрбір сайлаушыдан кейін тасымалданатын жәшік дезинфекцияланады, - деді Ерлан Қиясов. 
Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің орналасқан жері әлеуметтік қашықтықты ескере отырып, кемінде 1,5-2 метр қашықтықта орналасуы тиіс.


Өзгелердің жаңалығы