Бас жаңалықтар
COVID-19: БАҚ-тың жеті қызметкері вирус жұқтырған
02 Маусым 2020, 17:24 288

COVID-19: БАҚ-тың жеті қызметкері вирус жұқтырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында айтты. 

Бүгінгі таңда республика бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының 7 қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Олардың 3-еуі емделіп, ауруханадан шығарылды. Қалған төртеуі тиісті ем-дом шараларын қабылдауда. Барлығы да инфекцияның жеңіл түрімен ауырды, - деді ол.

Тікелей эфир барысында  Айжан Есмағамбетова қалааралық блок-бекеттердің алынуы карантиннің аяқталғанын білдірмейтінін айтты.
Тағы бір қайталап айтамын, өңірлер арасындағы блок-бекеттердің алынуы карантиннің аяқталуын білдірмейді. Бұл карантин шараларын жеңілдетудің бір кезеңі ғана. Қауіпсіздік шараларын сақтау керек, - деді ол.

Айта кетейік, мұның алдында бас санитар елімізде күніне 26 мыңға жуық тест жасалып жатқанын және спорттық нысандардың қашан ашылатынын айтқан болатын. 

Бұған дейін "Қазмедиа орталығының" қызметкерлерінен коронавирус анықталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...