Бұл оңай шаруа емес. Көлгінов елордадағы проблемалық саланы атады

9 Желтоқсан 2020, 13:09
1536
Бөлісу:
Бұл оңай шаруа емес. Көлгінов елордадағы проблемалық саланы атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы баспасөз конференциясында елордадағы проблемалық саланы атады. 

Қолжетімді баспанамен қамту маңызды мәселенің бірі. Қазір елордада 48 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Оның барлығы халықтың әлеуметтік әлжуаз топтары. Жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана» сегменті бойынша 8 мыңнан астам пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жалпы  жыл соңына дейін 3 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланған, - деді Көлгінов. 

Қала әкімі үлескерлер мәселесі де үлкен жүйелік проблема болып отырғанын айтты. 

Қазір біз ол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылдың басында 52 проблемалық нысан болды. Жылдың соңында 10 проблемалық нысан бойынша мәселені шештік. Биыл бұл көрсеткішті екі есеге арттырып, 20 нысан бойынша мәселені шешеміз. 52 нысан болса, оның 30-ы бойынша мәселе  шешілді. Бұл оңай шаруа емес. Сот үрдісі мен қаржы моделі, жобалық-сметалық құжаттардың қалпына келтірілуіне көп уақыт жұмсадық. Бірақ ең басты мәселе ол – қаржы. Себебі мемлекет үлескерлердің мәселесін шешеді. Өз уақытында Елбасының тапсырмасымен 40 млрд теңге бөлінген. Ол жетпеді. Сондықтан ел басшылығы тағы қосымша қаржы бөлді. Ол қайтарымды ақша екенін түсіну керек, - деді ол. 

Әкім «Нұрлы жер» бойынша үйлер тапсырылатынын айтты. 

Себебі әрбір үлескер өзінің үйі туралы ақпаратты естігісі келеді. Оның барлығын бұл жерде айтып жатпаймын. Біз күнде үлескерлермен кездесіп, жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы