Бас прокуратура Бергей Рысқалиевтың күйеу баласының қылмысы туралы да айтты

19 Қыркүйек 2019, 16:16
2461
Бөлісу:
Бас прокуратура Бергей Рысқалиевтың күйеу баласының қылмысы туралы да айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының  қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы және күйеу баласы туралы жаңа деректерді айтты. 

«Осы уақытқа дейін біз барлық қашқындарды жауапкершілікке тартқан жоқпыз. Мәселен, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасын айтуға болады. Рысқалиев Атырау облысының әкімі болған алғашқы күндерден бастап қылмыстық қауымдастықты құрды. 2006 жылдан 2012 жылға дейін аралықта олар жүйелі түрде жұмыс істеді. Мемлекеттік мүлікті өз адамдарына төмен бағамен сатып жіберді, әлеуметтік нысандар салу құнын арттырды, аса ірі көлемде пара алды, жасанды құжаттар жасаған», - дейді Сапарбек Нұрпейісов.      

Оның айтуынша, ұрланған ақша арнайы құрылған жалған фирмалар арқылы заңдастырылып, шетелге шығарылған.

«Бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топтардың белгілі бір иерархиясы және рөлдерді бөлуі болды. Олардың біреуін Бергей Рысқалиевтің күйеу баласы – Альбакасов басқарды. Бұл топ қылмыстық мақсаттарына қол жеткізді – газдандыру, электрлендіру, сумен жабдықтау объектілерінде, үйлер салу, көпір өткелдерінде, канализацияда бюджет қаражатын ұрлау, тазарту құрылыстары және басқа да әлеуметтік нысандар салудан қаржы жымқырды. Сондай-ақ  Жайық өзенінің бойындағы Әлиев –Сатыбалдиев көшелеріндегі жаңа көпірден бастап, Атыраудағы қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигонға дейін және 1200 орындық заманауи өнер Атырау музейіне дейін бар», - дейді бас прокуратура өкілі.  

Прокуратура сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесіп ағайынды Рысқалиевтерді жауапқа тартуды жалғастыруда. Бас прокуратураның мәліметінше, сот үкімімен 185 нысан тәркіленген, оның ішінде 50 пәтер, 44 жер учаскесі және банк шоттарындағы ақшалар бар. Қазіргі уақытта мемлекетке 44 миллиардтан астам теңге қайтарылған. 

«Осы қылмыстық қоғамдастықтың мүлкін іздеу және тәркілеу жалғасуда. 13 миллион долларды шетелде бұғаттадық. Оларды тәркілеу жұмыстары жүргізілуде», - дейді Сапарбек Нұрпейісов.

Айта кетейік, Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау облысы басшысы қызметін атқарған. Кей БАҚ мәліметіне сүйенсек, Бергей Рысқалиев Ұлыбританияда саяси босқын мәртебесіне ие.

Өзгелердің жаңалығы