Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағаларының өсуін тежеу мақсатында апта сайын бағалар мониторингі жүргізілетінін айтты.
Биыл 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың типтік ережелері күшіне енген.
«Желтоқсаннан сәуірге дейінгі кезеңде бағаны маусымдық көтерілуіне ең сезімтал 4 негізгі тауарлық позиция (пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат) оператор арқылы тежелетін болады. Бағалар мониторингі апта сайын жүргізіледі. Осы жылы «айналым» схемасы бойынша пилоттық жоба 5 өңірде: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Қостанай, Қызылорда, Алматы облыстарында жоспарлануда. Бүгін «айналым» схемасына Нұр-Сұлтан қаласында – 1,1 млрд тг, Қостанай облысында – 300 млн тг, Қызылорда облысында – 380 млн тг, Алматы облысында170 млн тг қаражат расталды. Алматы қаласы бойынша 1,5 млрд тг көлемінде қаражат жоспарланған. Әкімдіктің растауын күтіп отырмыз», - деді Сұлтанов Үкімет отырысында.
Министр 2020 жылы «айналым» схемасын республика деңгейінде және барлық 19 тауарлық позиция бойынша іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл үшін өңірлік ережелерді тезірек бекіту қажет. Әкімдіктердің ақпараты бойынша өңірлік ережелер ағымдағы жылғы 2 қыркүйекте бекітіледі.
Бұған дейін ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары туралы баяндап, қымбаттаған 10 азық-түлік тауарын атады. Сонымен қатар, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсу себептерін атап, Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын заң жобасы әзірленіп жатқанын айтты.