«Ауыл – ел бесігі». Тоғжанов Қарағанды облысының ауылдарына барды
29 Қазан 2021, 21:00 61973

«Ауыл – ел бесігі». Тоғжанов Қарағанды облысының ауылдарына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-Министр Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша Ералы Тоғжанов «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске асырылу барысымен танысу мақсатында Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барды. 

Бұл жоба ауылдағы өмір сапасын арттыруға бағытталған. 2025 жылға дейін елдегі ауыл тұрғындарының 80%-ын аталмыш жобамен қамту көзделіп отыр. 

Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы 179 ауылда жүзеге асырылуда, жоспар бойынша 140 нысан салынып, жаңғыртылады. 2019-2020 жылдары тұрғын үй-коммуналдық, әлеуметтік және спорттық-сауықтыру салаларындағы 73 жобаны іске асыру аяқталды. Биылғы жылы Қарағанды облысында 60 жобаны жүзеге асыруға 6,4 млрд теңге бөлінді. 

Ералы Тоғжанов Осакаров және Нұра аудандарында салынып жатқан нысандармен танысты. Ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасалған білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік инфрақұрылым мекемелеріне барды. 

Биыл Нұра ауданында төрт ауыл мен екі кенттің жолдары жөнделді, демалыс паркіне реконструкция жүргізілді. 

Премьер-Министрдің орынбасары ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта құру бойынша республикадағы үздік отыздықтың қатарына енген Шахтерское ауылына барды. Мұнда заманауи жүзу бассейні мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. 

Аталған жоба Осакаров ауданында  орталық және кентішілік көшелерді асфальттау есебінен автожолдардың сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді. 

Сондай-ақ ауданда жеті әлеуметтік маңызды жоба жүзеге асырылуда. Аудандық мектепте 700-ге жуық оқушы қосымша біліммен қамтылған. 

Сондай-ақ вице-премьер «Ауыл – ел бесігі» жобасын жоғары бағалап, ел басшылығына алғыс білдірген Нұра және Осакаров аудандарының тұрғындарымен кездесті. 

Жалпы, Ералы Тоғжанов облыс әкімдігінің ауылдағы өмір сапасын жақсарту бойынша жүргізіп жатқан жұмысына оң баға берді. 

Премьер-Министрдің орынбасары «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру елдегі даму әлеуеті жоғары ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға мүмкіндік пен ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін және жалпы ел экономикасына оң әсер ететінін атап өтті.


Фото: дереккөз
Загрузка...