Түркияда Астана LRT-ның бұрынғы басшысына іздеу жарияланды

29 Қазан 2021, 20:45
39280
Бөлісу:
Түркияда Астана LRT-ның бұрынғы басшысына іздеу жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Астана LRT»-ның бұрынғы басшысы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланды. Ол Түркия аумағынан іздестіріліп жатыр. Бұл туралы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің депутаттар сауалына берген жауабында айтылды.

Бас прокуратура Талғат Арданға, Қанат Сұлтанбековке халықаралық іздеу жариялау жəне «Астана LRT» жобасы құрылысы кезінде жымқырылған бюджет қаражатын қайтару бойынша депутаттардың жолдаған сауалына жауап берді.

Бас прокуратураның жауабында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сұрау салуы бойынша іздеудегі Талғат Арданға жəне Қанат Сұлтанбековке ІІМ Интерпол арналары бойынша халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады.

Қазіргі уақытта бұл адамдарға қатысты халықаралық іздеуді жариялау туралы ақпарат Интерполдың деректер базасында орналастырылған.

Талғат Арданның Түркия Республикасының аумағында болуы туралы қолда бар ақпаратқа байланысты аталған мемлекеттің құзыретті органдарына оны беру туралы сұрау салу жіберілді (28.09.2019 ж.). 15.04.2021 жылы Түркияның Интерполынан Стамбұл қаласы «Бақыркей» ауданының қылмыстық соты ҚР БП-ның ұстап беру туралы сұрау салуы негізінде Талғат Арданды қамауға алу (сырттай) туралы қаулы шығарғаны туралы ақпарат алынды, - делінген Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің жауабында.

Қазіргі уақытта Түркия аумағында іздестірілушіні анықтау жəне ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ мәліметке сәйкес Қанат Сұлтанбековтің АҚШ аумағында анықталуына байланысты АҚШ Әділет министрлігінің атына оны ұстап беру туралы сұрау салу жіберілді (24.07.2020 ж.). Сұрау салу америкалық тараптың қарауында жатыр.

Тергеу барысында анықталған залал сомасы 5,8 млрд теңгені құрады, бұл ретте, Қанат Сұлтанбековтің жəне Талғат Арданның тікелей жымқырған үлестерін анықтау мүмкін. Жалпы, тергеу барысында іс бойынша 45 млн теңгені өтеу қамтамасыз етілді. Өткізілген іс-шаралармен бағалау құны 3,08 млрд теңге болатын Қанат Сұлтанбековтің атына тіркелген мүлік (Алматы қаласында салынған тұрғын емес үй-жайы бар жер учаскесі мен пəтер) анықталды. Мүлікке тергеу сотының 22.01.2020 жылғы қаулысы бойынша тыйым салынды. Талғат Арданның тыйым салынуға жəне тəркіленуге жататын мүлкі анықталмады, - деді Бас прокурор.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мəліметтері бойынша, бұл адамдардан жəне олардың айналасынан, оның ішінде басқа елдерде қандай да бір активтер анықталмады. Активтерді шетелге шығару немесе ел аумағынан тыс қандай да бір мүліктің болу фактілері де анықталған жоқ.

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов қылмыскерлерді іздестірудің заңдылығы мен тиімділігі, жымқырылған мүлікті анықтау жəне қайтару мəселелері Бас прокуратураның тұрақты бақылауында тұрғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы