Бас жаңалықтар
Аутизмі бар балаларға бейімделген алғашқы шығармашылық жоба іске асырылды
10 Сәуiр 2019, 21:06 553

Аутизмі бар балаларға бейімделген алғашқы шығармашылық жоба іске асырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін аутизмі бар балаларға арналған «Жануарлар карнавалы» атты бейімделген музыкалық-поэтикалық концерт өткізілді. Бейімделген қойылым «Болашақ» Корпоративтік қоры мен «Астана Опера» опера және балет театрымен бірлесіп ұйымдастырылған. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

«Бүгінгі аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балалардың назарына ұсынылған бейімделген концерт балаларымызға шаттық пен қуаныш сыйлады. Біз үшін ерекше қажеттіліктері бар балалардың тек білім саласында ғана емес, сондай-ақ мәдени тұрғыда өздерін еркін ұстап, басқа бүлдіршіндермен тең болуы маңызды. «Астана Опера» ұжымына осы іс-шараны өткізудегі көрсеткен белсенділігі үшін үлкен алғысымызды білдіреміз. «Астана Операмен» бірлескен осындай бастамамыз ерекше қажеттіліктері бар балаларға тағы бір үлкен мереке сыйлады», - деді Қор директоры Динара Чайжунусова.

Балалар концерті шынайы жануарлардың қатысуынсыз өткізілген еді, алайда, кішкентай көрермендер симфониялық оркестрдің көмегімен жануарлардың дыбыстары мен дауыстарына еліктеулерін естіп, тани алды.

«Жануарлар карнавалы» француз композиторы Шарль-Камиль Сен-Санстың танымал туындысы. Тұтастай алғанда, «Жануарлар карнавалы» әзілге толы, оның кейбір бөліктерінде танымал музыкалық еліктеулер немесе олардан дәйексөздерін естуге болады.

2015 жылдан бастап «Болашақ» корпоративтік қоры «Әрбір бала мектепке лайық» жобасын жүзеге асырып келе жатыр. 2015-2018 жылдар аралығында Қормен аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар 248 бала орта мектептерге бару мүмкіндігіне ие болған. Инклюзивті білім беру саласында 161 жұмыс орны құрылды. 20 инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.

Аталған жоба «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының «Инклюзивтік білім беруді дамытуға жәрдемдесу» бағыты аясында іске асырылуда.

2019 жылы Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында аутизмі бар балаларға арналған 20 шақты қолдау кабинеттері ашылады.

 


Фото: дереккөз
Загрузка...