Бас жаңалықтар
Астанада жас режиссердің авторлық фильмдерінің таныстырылымы өтті
19 Сәуiр 2019, 16:55 567

Астанада жас режиссердің авторлық фильмдерінің таныстырылымы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында қазақстандық кинематографистер – Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілдаеваның "Тиын" және "I' m going to Paris" драмалық картиналарының тұсаукесері өтті.

Екі фильм де фестиваль форматындағы авторлық жұмыстар. Картиналардың өндірісімен отандық MurAi Production компаниясы айналысты. "I' m going to Paris" туындысының продюсері Жанна Сью Мемель қысқа метражды фильмдер категориясы бойынша үш дүркін "Оскар" сыйлығының лауреаты атанған.

Мұрат пен Айсауле шығармашылықтары негізінде отбасылық құндылықтар идеялары мен "сандық" дәуірде өмірдің мәнін ашуды көздейді, яғни әлемде кейде объективті шындық виртуалды шындықпен қақтығысқа түсетінін көрсеткісі келеді. Екі жобаның да негізгі бермек ойы – әркім шын мәнінде бақытты болуға және туған-туысқандары мен жақындарының жанында толыққанды өмір сүруге лайық.

Кино көрсетілім ForteBank бас кеңсесінде Astana Film Academy қолдауымен ұйымдастырылды. Көрерменге "I'm going to Paris" фильмі ағылшын тілінде, "Тиын" фильмі қазақ тілінде ұсынылды. Қонақтар шара барысында ойын-сауық бағдарламасын да тамашалады.

Ерлі-зайыпты Мұрат пен Айсәуле Есжан – «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы San-Francisco Film Academy бітірген қазақстандық жас кинематографистер. Мұрат – киносценарист, Айсәуле продюсер мамандығы бойынша білім алған. Олар оқудан кейін "I' m going to Paris" дебюттік фильмін түсірді. Бұл кинолентаны түсіруге арналған қаражаттың бір бөлігі краудфандинг арқылы жиналды, ал жалпы бюджеті 13 мың долларды құрады.

"I' m going to Paris" картинасында Парижге баруды армандайтын қыз Лоре туралы баяндалады. Ол саяхат жасауды және әдемі өмір сүруді армандайды. Алайда, ол сол кезде жай ғана мейрамханада жұмыс істейтіндіктен, актерлік мансабын бастауда сәтсіздіктерге ұшыраса береді. Дегенмен, Лоре әлеуметтік желілерге жалған посттар мен суреттерін жариялап, шын мәніндегі арманының қандай екенін білдіретін. Фильм көрерменді адамның өткен өмірімен таныстырады, ол өз өмірін оффлайнға өзгерте алмайтын және Лора үшін жалғыз жанға жайлы мекен виртуалды ойластырылған әлем ғана.

«Бір күні мен өзіне-өзі қол жұмсаған қарапайым қазақстандық қыздың оқиғасы туралы естідім. Парадокс, оның әлеуметтік желілердегі лентасы өте жақсы еді, фотоларындағы өңі балбұл жанған, бақытты ару сияқты көрінетін. Менің көз алдымда бәрі қалағанындай болған адамның бейнесі тұрды. Алайда, ол қыз екі өмірді қатар сүрген: әлеуметтік желілерде өте бақытты және табысты; шын мәнінде депрессияда және жар шетінен құлауға аз ғана қалған. Рас, статистика көрсетіп отырғандай, Қазақстандағы өзіне-өзі қол жұмсау проблемасы өте маңызды және көбінесе адамдар жеке бастың қайғы-қасіретінен немесе нақты өмірлеріне қанағаттанбағандықтан виртуалды кеңістікке жасырынуға тырысады. Мен замандастарымның өздерін жақсы көрсетуге тырыспастан, өмірде қалай бар, солай қабылдағандарын қалаймын», - деді Мұрат Есжан.

Айта кетерлігі, ерлі-зайыпты жас маманның лентаны түсіру тарихының өзі бір фильмнің желісіне сұранып тұр. Өйткені, Мұрат пен Айсәуле тілдік кедергілерге, өзге де қиындықтарға қарамастан өз мақсаттарына соңына дейін күресіп жетті. 

"Фильмді түсіру өте қиын болды. Локациялар ақылы еді. Барлығы рұқсат алуды қажет етеді. АҚШ-та заңдарға өте жауапты қарайды және көп жағдайда құжаттамаларды рәсімдеу ұзақ уақыт пен әжептәуір ақшаны талап етеді. Сонымен қатар, түсіру тобы жұмысының ақысын төлеу, сондай-ақ қымбат тұратын камераға кейде қарулы күзет жалға алу қажет. Кейбір түсірілімдер Сан-Францисконың қолайсыз аудандарда жүргізілді", - деді Айсәуле Әбілдаева.

Отандық кинематографистердің еңбектері еш кеткен жоқ. Жоба Америка сценаристері гильдиясының (Writers Guild of America) өкілдері тарапынан оң бағасын алды. Сондай-ақ, Мұраттың ағылшын тіліндегі толықметражды киносценарийі Scriptapalooza сценарийлері конкурсының нұсқасы бойынша Американың үздік 100 сценарийі қатарына енді. Байқауға 3500-ден астам өтінім түскенін де айта кеткен жөн.

Елге оралғаннан кейін Мұрат “Қазақфильм” киностудиясының “Дебют” шығармашылық жобасының аясында «Тиын» атты екінші фильмін таспалады. Жазушы Лира Қоныстың аттас әңгімесі желісімен түсірілген туындының басты өзегі – атасымен қалған бүлдіршіннің әкеге сағышы.  Бес жасар Қайсардың қазіргі бар мұраты – бір дорба тиын жинау. Себебі, атасының айтуынша, әкесі дарияның ар жағына кетті. Ол жаққа бару үшін қайықшы шалға бір дорба тиын беру керек-мыс.  

Екі фильм де енді түрлі халықаралық фестивальдерде бақ сынамақ. Одан соң интернет желісі және отандық арналар арқылы көпшілік көрерменге ұсынылатын болады.




Фото: дереккөз

Сізден жаңалық