Астанада тұрғын үйлер жатақханаға айналады
27 Қазан 2021, 21:36 12482

Астанада тұрғын үйлер жатақханаға айналады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы тұрғын үй нысандары студенттік жатақхана болып қайта бейінделеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері елордалық студенттердің тұрғын үйге қатысты мәселесін шешу үшін инвесторлармен тиісті келіссөздер жүргізді. 

Бүгінгі таңда 9 инвестор ғимараттарды қайта бейіндеуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

Біз салынып жатқан, сондай-ақ қолданысқа берілген тұрғын үй нысандары мен жатақхана ретінде пайдалануға болатын ғимараттарға бардық. Осы ретте тұрғын үйлердің нысаналы мақсатын өзгерту мүмкіндігін егжей-тегжейлі қарастырдық. Нысандарды осы жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланған. Біз бұл мәселені, сондай-ақ студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін кешенді шешуді бақылауда ұстаймыз, — деп атап өтті ҚР БҒМ Қаржы орталығының ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин.

Сонымен қатар ҚР БҒМ студенттік жатақханаларды қайта құру қарқынын жеделдету үшін жаңа жағдайлар жасалды. Атап айтқанда, ғимараттарды жатақхана етіп қайта құру кезінде мемлекеттік тапсырыс мөлшері екі есеге жуық ұлғайтылды. Яғни, студент алған әрбір орын үшін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін. Бұл норма Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы объектілерге қатысты қолданылады. Мұндай жаңашылдық студенттік жатақханалар санын айтарлықтай арттыруға және білім алушылардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте аталған жатақханалар өзінің нысаналы мақсаты бойынша кемінде 20 жыл жұмыс істеуі тиіс.

Соңғы үш жылда елімізде 90-нан астам студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін тағы 32 нысан қолданысқа беріледі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...