Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Үкімет отырысы аясындағы баспасөз конференциясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
"Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілуі жөнінде тиісті заң қабылданды. Айта кету керек, бұл үшін қосымша қаражат бөлінбейді. Ағымдағы бөлінген қаражат есебінен болады. Мысалы, орталық мемлекеттік органдар үшін Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан ғимараттардың белгілерін ауыстыру қажет болмақ. Ол жыл сайынғы бөлінетін қаражат есебінен және осы қаражат шегінде жүзеге асырылады. Ал, бланкілерді өзгерту бойынша жалпы біздің мемлекеттік органдардың электронды құжат айналымына көшкенін ескеріп, бланкілерді өзгерту үшін айтарлықтай шығындар қажет болмайды дей аламыз», - деді Смайылов.Министр сол сияқты, нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізу үшін де қосымша қаражат қажет емес екенін айтты.
«Ал жергілікті атқарушы органдардың белгілерін және бланкілерін өзгерту үшін жергілікті бюджет шығыны есебінен болады. Кеше мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімімен сөйлескенімде, олар барлық белгілер мен атауларды бірден өзгертпейтінін, бұл кезең-кезеңімен іске асырылатыны мәлім болды. Жалпы, елорда бюджетінде ескірген атаулар мен белгілерді жаңарту үшін жыл сайын 40 млн теңге қарастырылған және бұл шаралар осы қаражат шегінде атқарылатын болады. Яғни, бұл мақсатқа қосымша қаражат бөлінбейді», - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетсек, Қазақстанның бас қаласына ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаевтың есімі беріліп, қала атауы Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.