Әсет Ерғалиев: Ел экономикасы 3,1%-ға дейін жақсарды

20 Сәуір 2021, 10:13
1458
Бөлісу:
Әсет Ерғалиев: Ел экономикасы 3,1%-ға дейін жақсарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында ел экономикасының жақсарғанын айтты.

Макрокөрсеткіштердің болжамы ел экономикасының өсуі бойынша жедел деректерді, әлемдік экономика мен нарықтағы оңүрдістерді ескере отырып, нақтыланды.

Министрдің сөзінше, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар айындағы минус 4,5%-дан бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша минус 1,6%-ға дейін жақсарды.

Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 61 долларды құрады. Бұл ретте мұнай бағасы бойынша Дүниежүзілі қаржы ұйымының болжамдары 44 пен 67 доллар аралығында болып отыр. Осыған байланысты, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды, - деді Әсет Ерғалиев.

Министр атап өткендей, Дүниежүзілік банк вакциналау жүргізудің тиімділігіне байланысты әлемдік экономиканың өсуін 1,6%-дан 5%-ға дейін болжап отыр.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарды. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 77,8 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр, - деп түсіндірді Ұлттық экономика министрі Үкімет отырысында.



Өзгелердің жаңалығы