Қарағанды облысында карантин режимі жарияланбайды

20 Наурыз 2020, 12:41
1833
Бөлісу:
Қарағанды облысында карантин режимі жарияланбайды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыға Минсктен ұшып келген ұшақта болған жолаушылардың арасынан 2 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау, санитарлы-эпидемиологиялық және кәсіпкерлік басқармаларының басшылары онлайн брифинг өткізді.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласына қонуға тиісті болған ұшақ елорда әуежайына бір күнде халықарлық бағыттағы 3 рейс қонатын болғандықтан Қарағандыға қондыру жайлы шешім қабылданған.

20 наурыздағы мәлімет бойынша, Қарағанды облысында коронавирус індетін жұқтырған 2 адам анықталды. Вирус "Минск-Нұр-Сұлтан" бағытындағы рейстің жолаушыларынан анықталды. 18 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласына қонуға тиісті болған ұшақ елорданың госпитальдарына карантинге жатқызу мәселесінде қиындық тууына байланысты Қарағанды әуежайына қонды. Бұл күні Нұр-Cұлтан қаласына үш халықаралық рейс келді. Жолаушыларды қабылдау кезінде барлық қауіпсіздік шаралары орындалды, санэпид тәртібі қатаң қадағаланды. Оларды тасымалдайтын автобус ұшақтың трапынан жөнелтілді. Осы арқылы біз жолаушылардың әуежай ғимаратына кіруін болдырған жоқпыз. Жолаушылардың денсаулығын тексеру де ұшақ кабинасында жүргізілді. Оларды тексеру аяқталғаннан кейін тасымалдауға арналған автобустар бірден оқшауландыру госпитальдарына жеткізді. Оның ішінде сырқат кең таралған елдерден келген жолаушылар жалпы топтан оқшауландырылып, жеке бөлімдерге жатқызылды. Қазіргі уақытта коронавирус індеті анықталған жолаушылардың жағдайы қанағаттанарлық, - дейді Ержан Нұрлыбаев.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Қарағанды облысында карантин режімін жариялауға негіз жоқ. Себебі анықталған екі жағдай да сыртан әкелінген. Оларды тасымалдауда, оқшауландыруда қауіпсіздік шаралары барынша сақталғандықтан індеттің қалаға таралу мүмкіндігін жоққа шығарылады. Осы себептен қазіргі уақытта Қарағанды облысында карантин режимін жариялау жайлы шешім қабылданбайды.

Басқарма басшысы Қарағанды облысындағы эпидемиологиялық жағдайды күн сайын хабарлап отыратындығын айтты.

Еске салайық, Қарағандыға 18 күні Минскіден ұшып келген бортта 67 жолаушы болған. Олардың барлығы 14 күндік карантинге жатқызылды. Карантиндегі студент қыз оқшауландыру қалай өтіп жатқандығын айтса,  оның анасы дәрігерлерге алғысын жеткізген болатын.



Өзгелердің жаңалығы