Әр балаға 42 500 теңгенің жәрдемақысы төленуі мүмкін бе?

14 Маусым 2021, 13:49
5331
Бөлісу:
Әр балаға 42 500 теңгенің жәрдемақысы төленуі мүмкін бе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жауап берді.

Балаларға арналған барлық жәрдемақыны алып тастап, әр балаға 42 500 теңге төлеу туралы мәселе әлеуметтік желіде ғана емес, депутаттар тарапынан да көтеріліп жүр. Алайда қазірдің өзінде бізде 18 жасқа дейінгі алты миллионнан астам бала бар. Әрқайсысына 42 500 теңгеден төлесек, бұл өте үлкен қаражат болады. Біздің министрліктің бюджеті 4 триллионға жақын. Республикалық бюджет 14 трлн теңге екенін ескерсек, оның үштен бірі - біздің министрлікке тиесілі. Оның 96 пайызы зейнетақы, жәрдемақы сияқты төлемдерге жұмсалады. Ана мен балаға арнап 700 млрд теңгеден астам бюджет бөлінген. Ол жерде бала күтіміне байланысты берілетін, бала тууға байланысты бір рет берілетін жәрдемақылар бар. Егер оның барлығын алып тастайтын болсақ, басқа санаттағылар тарапынан да сұрақтар туындауы мүмкін, - деді ол.

Министр сонымен қатар әлеуметтік Ұлттық кодекс аясында ана мен баланы қолдауға арналған әлемдегі үздік тәжірибелердің де қарастырылып жатқанын атап өтті. Оның ішінде экономикамызға тиімді модельдер болса, министрлік оларды енгізуге дайын.

Өзгелердің жаңалығы