Бас жаңалықтар
«Ақыртастың» құпиясы әлі көп
25 Сәуiр 2019, 21:28 485

«Ақыртастың» құпиясы әлі көп

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Ақыртас құпиялары». Дәл осындай атаумен Жамбыл облысындағы «Ақыртас» сарай кешенінде республикалық ғылыми семинар өтті. Басқосуға еліміздің белгілі ғалымдары мен тарихшылар, өлкетанушылар қатысты. Мұндағы мақсат – туризмді дамытудың басымдықтарына назар аударып, жастардың туған жер тарихына деген  қызығушылығын арттыру.

«Ақыртас» тарихы – Ұлы Жібек жолының желісіне кіретін ортағасырлық сәулет кешені. Ол ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қазақстанда және Орталық Азиядағы теңдесі жоқ бірегей ескерткіш.

Жиында ғалымдар Жамбыл жеріндегі тарихи археологиялық зерттеулермен байланысты барлық дерек көздері мен материалдарын көпшілік назарына ұсынып, кешеннің тағы бір құпиясын ашуға тырысты.

«Тараз қаласының солтүстігінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан Ақыртас сарай кешені жайында айтылар аңыз да көп. Аумағы екі жарым гектар жерді алып жатқан тау бөктеріндегі тарихи нысанды осы күнге дейін еліміздің ғалымдары зерттеп, тексеруде. Себебі мұның әлі де ашылмаған құпия сырлары жеткілікті көрінеді», - дейді Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Ералы Ақымбек.

Семинарға қатысушылар кешен жайында мол мәліметпен танысты. Тарихи орын жайындағы түрлі тәмсілдерді тыңдап, кенжелеп дамып келе жатқан туризм мәселесін де талқылады. Жиыннан соң қатысушылар  тас қалашыққа саяхат жасап, тарихи кешеннің жәдігерлерін көзбен көрді.

Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық