Тілшілер тарихи орындармен танысты

25 Сәуір 2019, 21:15
2813
Бөлісу:
Тілшілер тарихи орындармен танысты
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің бастамасымен журналистер Жамбыл облысындағы бірқатар тарихи орындарды аралап, тың деректерге қанықты.

БАҚ өкілдері алдымен Қарахан, Дәуітбек кесенелеріне, ерте ислам дәуірі мешітіне табан тіреді. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкері Жамал Ақпардың айтуынша, көне шаһар туралы әңгіме қозғала қалса, Ұлы Жібек жолын тілге тиек етпеу мүмкін емес. Тарихпен тамырлас осы нысандарды көруге құмартқан меймандар да жеткілікті көрінеді.

«Ғасырлардан сыр шерткен мәдени мұралар туралы жүз естігеннен гөрі бір рет көзбен көрген ұтымды. Сондықтан жұртшылық осында келгені дұрыс деп есептеймін. Журналистер қауымы да тарих тағылымын елге дұрыс жеткізе білсе, нұр үстіне нұр болмақ. Біздің ұжым әргі-бергі тарихымызды насихаттау жолында аянбай тер төгіп келеді. Әрине, бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны, өз нәтижесін беретіні анық, – дейді Жамал Ақпар.

Журналистер «Көне Тараз» археологиялық саябағында, Айша бибі, Бабажы қатын кесенелерінде де болды. Баспасөз туры барысында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Нұрлан Бықыбаев тілшілерге сұхбат берді.

«Қай-қайсымыз үшін де бағзы замандардан сыр тартатын тарихтан хабардар болу – аса маңызды. Өйткені өткенсіз халықтың болашағы болмайтыны рас. Ол дәлелдеуді қажет етпейді. Тасқа қашалған тарихымыз – біздің, ұлтымыздың мақтанышы. Бүгінгі күні Айша бибі кесенесі маңында көктемгі абаттандыру жұмыстарын бастап та кеттік. Сондай-ақ ашық аспан астындағы археологиялық саябақта алдағы үш жылда атқарылатын нақты жоспарлар баршылық. Өңірімізге келетін туристерді тарту мақсатында әуежайда, темір жол бекетінде біздің жарнамалық роликтеріміз беріліп, стендтеріміз ілініп жатыр», - Нұрлан Дүйсенәліұлы.

Айта кетейік, осыдан біршама уақыт бұрын Ақыртас қалашығына деген туристердің қызығушылығын ояту мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Мәдениет және спорт министрлігі және Жамбыл облысы әкімдігі бірлескен меморандумға қол қойған болатын. Алдағы уақытта ілкімді істерді атқаруға біркісідей күш салуға уағдаласқан сонда.
Өзгелердің жаңалығы