Бас жаңалықтар
ШҚО ғалымдары «Ақылды кампус» жобасын қолға алды
25 Мамыр 2019, 15:27 590

ШҚО ғалымдары «Ақылды кампус» жобасын қолға алды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Татарстанның Иннополис қаласындағы Градиент Килби компаниясымен ынтымақтастық келісімшартына отырған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университеті «Ақылды кампус» жобасын іске асыруда.

«Жоба аясында Градиент Килби компаниясымен келісімшартқа отырып, «Ақылды кампус» тұжырымдамасы жасалып, таныстырылды. Университет ғимаратының Г-3 корпусындағы электр, жылу, сумен қамту, кәріз және желдету жүйелерінің, сондай-ақ телекоммуникация, ғимарат қасбетінің жарықтандыру аумақтары, аула шамдары, автокөлік тұрақтары мен бейнебақылау жүйелері паспортталды. Алдағы қыркүйек айына қарай алғашқы нәтижелерін аламыз деп жоспарланған жоба сәтті болса, оның моделін қаланың шағын аудандарына қолдануға болады, - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бірінші проректоры Сәуле Рахметуллина.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда AvtoCad, Revit бағдарламаларында 3D модельдер жасалып, жарық, жылу, сумен қамту, тұрыстық техникаларды басқаратын смарт-технологиялардың зертханасы жасалған. Бұдан бөлек аталмыш жобаға Германия, Венгрия мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары да атсалысуда.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін аталмыш университет базасында өзін-өзі жетілдіріп отыратын «Ақылды қала» жүйесінің алғышарттары дайындалып жатқаны жайында жазған болатынбыз. Бүгінде Ресейдің Қазан қаласына барып «Ақылды қала» жобасын енгізудің қыр-сырын үйреніп келген шығысқазақстандық мамандар бейнені танып-білетін бағдарламаны құрастырып қойған. Университет ғимаратының кіреберісіне орнатылған бейнебақылау камералары арқылы әр студенттің кіріп-шыққанын тіркеп отыратын жүйе адамдарды танып-білуге машықтануда. Сондай-ақ аталмыш жүйе қала ішіндегі бейнебақылау камераларымен кіріктірілсе қандайда бір жағдай бойынша іздестірілуде жүрген адамды деректер базасының көлеміне қарай екі минутқа дейінгі аралықта анықтай алатын мүмкіндігі бар.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...