Қандастарды баспанамен қамту мәселелерін нақтылай түсу керек – Ауыт Мұқибек

27 Мамыр 2020, 17:22
1808
Бөлісу:
Қандастарды баспанамен қамту мәселелерін нақтылай түсу керек – Ауыт Мұқибек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі үшінші отырысын қоғам өміріне тың бұрылыс әкелетін тарихи оқиға деп айтуға болады. Қоғам қайраткері, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек осылай дейді.

Пандемия бүкіл жер шарындағы мемлекеттердің бәрін басқаша стандарттармен өмір сүруге мәжбүр етті. Соның ішінде Қазақстан да бар. Осы пандемия барысында Президент денсаулық сақтау, білім, ғылым, ауыл шаруашылығы саласындағы кемшіліктердің бәрін айтып өтті. Сондықтан біз өзімізді-өзіміз асырау деген қағидатты бірінші орынға қоюға тиіспіз, – деді қоғам қайраткері. 
Оның айтуынша, ғылым мен білім, денсаулық сақтау саласын кемелдендіру керек. Осыған байланысты Ұлттық кеңестің мүшелері бүгін өз тарапынан өте құнды ұсыныстарды ортаға салған. 

Ұлттық кеңес мүшесі бүгінгі отырыста әріптестерінің де талқыға түскен ұсыныстарын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қандас жастарға бөлінетін гранттар саны бұрын 2 пайыз мөлшерінде болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Үкіметтің бұрынғы қаулысы өзгертіліп, бұл үлес 4%-ға артқан. Яғни Қазақстанда бөлінетін мемлекеттік гранттардың 4% шетелден келген ұлты қазақ студенттерге беріледі.
 
Бірақ бұл квота да аздық етеді. Себебі, Қазақ көшінің екінші үлкен толқыны басталайтын деп тұр. Қазақстанда оларды құжаттандыратын заңдық негіз дайын деп айтуға болады. Әйтсе де толықтырар тұстар да баршылық. Мәселен, қандастарды баспанамен, жермен қамту жағы секілді мәселелерді нақтылай түсу керек, – дейді Ауыт Мұқибек. 
Сондай-ақ ол қазіргі мамандардың есебіне қарағанда шетелде 7-8 млн қазақ барын айтып өтті. 
Оның кемінде 3-4 миллионы балалар мен жастар. Қазақстанға келгісі келетіндер де сол жастар. Пандемия, оның сыртында шетелдегі саяси оқиғалар – осы қазақтарға Қазақстаннан басқа Отанының жоқ екенін, Қазақстаннан басқа жерде қазақ болып өмір сүру мүмкін емес екенін әбден түсіндірді. Мүмкіндік болса, олардың шетелде бір күн де тұрғысы жоқ. Қазақстанға қайтсек те жетсек дегенді мақсат тұтып отыр. Бұрын олар өз аяғымен көшіп келсе, енді оларды мемлекетаралық келісімдер жасап, көшіріп әкелуіміз керек, – деді Ұлттық қоғамдық сеніп кеңесінің мүшесі. 
Оның айтуынша, Қазақстандағы демографиялық тоқырау осыған мәжбүрлеп отыр. 
Ол күн де алыс емес. Ертең бе, бүрсігүні ме – ол көштің үлкен толқыны басталады. Соған дайын болуымыз, ең алдымен, келген жастарды оқытып, білім беруіміз керек. Сондықтан, менің ойымша, 4% грант аздық етеді. Мен оны кемінде 10%-ға көбейтуді ұсынар едім. Олар Қазақстанға қазір қажетті ауыл шаруашылығы саласына керек мамандықтарды үйренуі тиіс, – деді Ауыт Мұқибек.

Өзгелердің жаңалығы