Алматы, BAQ.KZ. Намбиялық боксшы Уолтер Каутондоква жекпе-жектен кейін журналистермен кездесуден бас тартты.
Кеше Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында өткен кәсіби бокс кешінің басты жекпе-жегінде қазақстандық боксшы Қанат Ислам (26-0, 21 КО) мен Намибиядан келген Вальтер Каутондоква (18-1, 17 КО) рингке шыққан болатын.
Исламға тиесілі орта салмақтағы WBO халықаралық чемпионының белбеуі сарапқа салынды. Төрешілердің шешімімен Қанат жеңіп, өз атағын сәтті қорғады. Ал, Вальтер Каутондоква мансабында екінші рет жеңіліске ұшырады. Сондай-ақ ол жекпе-жектің бесінші раундында нокдаунға түсті.
Өткен жылы намибиялық боксшы WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионының белбеуі үшін америкалық Деметриус Андрадемен (28-0, 17 КО) жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан қабылданған шешімімен жеңіліп қалған болатын.